«Жібек жолы» ақпараттық шеруі аяқталуға жақын. Бұл туралы Түркі елдері кеңесі жасаған шеру жобасына арналған баспасөз мәслихатында айтылды. 14 күнге жоспарланған саяхатта туристтер жібек жолы бойындағы кереметтерге қанығып қайтпақ. Жібек жолы, бұйыртса, туристер үшін тартымды аймаққа айналатын күн алыс емес.
Осындай нық сеніммен жолға шыққан журналистер мен жоғары оқу орындары оқытушыларына Ұлыбритания, Түркия, Испания, Сингапур, Австрия, АҚШ және Польша елдерінің туроператорлары қосылды. Бірнеше елде болып қайтқан туристер алдымен Түркия елін бетке алды.
Сосын Әзірбайжан жеріне саяхаттап қайтқаннан кейін туристтер Қазақстанның бірқатар көрікті жерлерін де аралады. Бұл саяхат, әсіресе, бұрын-соңды елімізге табаны тимеген шетелдік қонақтар үшін әсерлі болыпты. Тарихқа тұнып тұрған өлкелер туристерді бей-жай қалдырмады.
Бүгін саяхатшылар тобы қырғыз еліне жолға шығады. Жобада әзірге 4 ел қаралып отыр. Айта кетейік, екі айдан кейін кеңестің жасаған бағытына жолдамалар сатыла бастайды.