Қазақстандағы алғашқы туристік үстел ойынының тұсаукесері өтті

Үшінші мегаполисте «ШымШық» деп аталатын жаңа ойынның тұсауы кесілді. Жаңа шымкенттік үстел ойынында адамдар қала тарихымен терең танысуға мүмкіндік алады. Туризм басқармасында тұсауы кесілген ойын 6 ай көлемінде құрастырылған. Ал ойынды 6 адам 40 минут көлемінде ойнай алады. 

Шымкентте «ШымШық» атты жаңа ойын пайда болды. Ол арқылы мегаполис тұрғындары мен қонақтары қаланың көрнекті орындарымен және шаһар тарихымен таныса алады. Жаңа үстел ойынын жоба-менеджерлері, маркетологтар және көптеген кәсіби мамандар дайындап шыққан.

Анастасия Арсланова, «OMG Kazakhstan» ЖШС директоры: «Мұнда ойын алаңы, карта-фишкалар қарастырылған. Және әрине, нұсқаулық пен ойын текшелері болады. Қажетті құралдар арқылы ойын алаңында жүріп отыруға болады. Барлық карточкаларға Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тарихи-мәдени көрікті жерлері кіреді. Біздің ойынымыздың арқасында адамдар Шымкент қаласы туралы көбірек біле алады, бұл түрлі қалалардан туристерді тартуға мүмкіндік береді».

«ШымШық» ойынын құрастыруға 6 айға жуық уақыт жұмсалған. Құрастырушылар ойынға әлі бірнеше өзгеріс енетінін айтады. Ал оны 6 адам 40 минут көлемінде ойнай алады. Құрастырушылардың сөзінше, ойынды шығарудағы мақсат қарапайым ғана – Шымқаланың сұлулығын, терең тарихы мен бірегейлігін көрсету.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:  «Қазақстанның ішінен немесе шет елден келген турист болсын, біз осы ойынды барлығына ұсынамыз. Әлі ойын кішкене өзгереді, себебі Шымкенттегі мейманха, қонақ үйлерде өзгеріс болуы мүмкін. Ойын өте қызық, 43 мекен тіркелген. Әрқайсысының өз сипаттамасы бар. Барлық адамға міндетті түрде ойнап көруге кеңес беремін».

Үстел ойыны үшінші мегаполиске туристерді тартуға да көмектеседі дейді мамандар. Ойнаушылар кезеңдерді қонақ үйден бастап, мейрамханада аяқтайды. Ал оны 10 жастан асқан кез келген адам ойнай алады. Айта кетейік, бұл Қазақстандағы қала тарихы мен мәдениетін танытатын алғашқы үстел ойыны.

 

Айта кетейік үшінші мегаполисте халықаралық туризм күніне орай ақпараттық тур өтіп жатыр. Оған Шетел және Қазақстан қалаларынан жалпы саны 60-қа жуық адам келді. Олардың қатарында туроператорлар, travel-блогерлер мен БАҚ өкілдері де бар. Елдана Аманжолқызы Шымқалаға үшінші рет келіп отыр. Бұл жолы қаланың ең маңызды аймақтарын аралаған ол, мегаполисті өзге қалалардан ерекшелейтіні – тұрғындары екенін айтады.

Елдана Аманжолқызы, турист: «Бұл Шымкенттегі инфотур өзгелерден ерекшеленеді. Өйткені әр аймақтың өзінідік фишкалары бар. Шетелден келген қонақтардың барлығы өте риза болып жатыр. Шымкентті ерекшелейтіні – қонақжайлығы, гастрономиялық туризм және ауа-райының қолайлы болуы. Біз шетеледен келген туристерден де сұрап жатырмыз, не ұнағанын. Барлығы адамдардың танымаса да құшақ жая қарсы алатындығын айтып жатыр. Әуежайда, барлық жерде. Яғни, сервис жағынан жақсы».

“Visit Shymkent” тарапынан ұйымдастырылған ақпараттық тур 3 күн көлемінде өтеді. Қонақтар Шымкент пен қала маңында орналасқан туристік, гастрономиялық орындармен деп таныса алады.