Қазақстан бойынша парламент сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Оңтүстік Қазақстан облысынан ел парламенті сенаты депутаттығына екі үміткер саяси додаға түскен болатын. Құпия дауыс беру жүйесінде өткен сайлаудың қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев 308 депутаттың 253-інің дауысына ие болса (82,3%), «Стандартцемент» компаниясының бас инженері Сейтжаппар Есжанов дауыстың 17,7 пайызын жинады (55 депутат). Айта кетейік, Сенат депутаттары 6 жылға сайланады.
Түркістан сарайы жанында жиналған депутаттар қауымы бүгін Оңтүстік өңірінен Қазақстан парламенті сенаты депутатын сайлайды. Мына топ — өңіріміздің бетке тұтар азаматтары, облыс мәслихатының депутаттары. Арасында елдің сеніміне ие болған, бірқатар шақырылымдарда сайланғандары да бар. Саяси шараның басталуын күткендердің қатарында қалалық мәслихаттың белсенділері де бар. Ал аудандардан ат терлетіп, облыс орталығына жеткен халық қалаулылары тарихи оқиғаны фотосуретке түсіруде.
Биылғы сайлаудың ерекшелігі — үміткерлерді тіркеу өзгеше өтті. Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттары, Оңтүстіктегі 312 халық қалаулысының 308-і онлайн режимде электронды жүйе арқылы тіркеліп, дауыс беру құқығына ие болды. Үміткерлерге тоқталсақ, Асылхан Темірханның арызы бойынша кандидатурасы алынып, додаға Әлімжан Құртаев пен Сейтжаппар Есжанов түсті.
Тіркеуден өткен депутаттар дауыс беру үшін үлкен мәжіліс залында бас қосты. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы жиналғандарға ҚР Парламенті сенаты депутаттығына үміткерлерге дауыс беру тәртібі туралы, сайлауды бақылауға Ресей және Өзбекстаннан келген бақылаушыларды таныстырып, аккредитациядан өткен БАҚ өкілдерінің құқықтарына дейін баяндап берді.
Дауыс беру алфавит бойынша жүргізіліп, аты-жөні аталған депутаттар сахнада жайғасқан облыстық сайлау комиссиясы әзірлеген бюллетендерді алды. Содан кейін дауыс беретін орындарға барып, өз таңдауларын жасады. Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру жабық өтті. Сайлау жәшіктеріне бюллетендерін салған депутаттардың бірі орындықтарға жайғасса, бірі дауыс беру аяқталғанша тынығу мақсатында фойеде бас қосты.
Сағат 12-лер шамасында дауыс беру аяқталып, сайлау комиссиясы бюллетендерді санауға кірісті. Процедураны бақылаған халықаралық бақылаушылар саяси іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы парламенті сенаты депутатын сайлау Оңтүстік өңірінде еш күрделіліксіз, «Сайлау заңына» сәйкес өткенін мәлімдеген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев қортындысымен жиналғандарды таныстырды.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау Оңтүстік өңірінде жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Ал сайланған депутаттар парламент сенатында Оңтүстік халқының сенімін ақтайды деген сенімде.