Қошқарата өзенін құтқару керек!

1610

Елімізде орталығында өзені бар өңірлер саусақпен санарлықтай ғана. Ал сол қаланың көркіне көрік қосатын өзен-суларды қоқысқа толтырып, өзіміз қолдан өлтіріп, бұлақ көзінің бітелуіне себеп болсақ ше?

Қошқаратаны кімдер ластап отыр?

Қошқарата – Шымқаланың барлық түкпірін аралап ағатын жалғыз өзен. Ауаны дымқылдандырып тұратын қасиеті бар. Соған қарамай күл мен қоқыс лақтырып, лас-тап отырмыз. «Әулие өзен» деген қосымша атауы бар өзен жойылып кетуі мүмкін» деп Қорқыттың зарын қағуға да болмас. Дегенмен жыл сайын жыры бітпейтін өзеннің суы расында ластанып барады.

Кезінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары Қошқаратаның суын тазарту жобасын ұсынған да болатын. Алайда қолдау таппай, тоқырап тұр. Мәселе Қошқарата өзенінің басын бетондап тастаумен бітпесе керек…

Шомылу маусымы басталса өзен бойы демалушылардың жағажайына айналады. Арасында дертіне дауа і здегендер кемде-кем болғанымен, салқындау үшін сая іздеп келгендердің қарасында есеп жоқ. Қаладағы аквасаябақтардың бағасы аспандап тұр. Ал өзен суы… тегін.
Әйтсе де қала тұрғындары өзенді «қоқыс тастайтын орын» деп ойлайтын болса керек. Моншадан шыққан жаман су, киім жуған кір суды осында ағызады. Көлік жуатын орындардың да ластауға қосар үлесі қомақты.

Құрмансейіт Зияев, Қошқарата кесенесінің шырақшысы:

– Қошқарата өзені бастауын Қазығұрт тауынан алады. Ғайып Ерен, Қырық Шілтен деген әулиелі жерге дейін ағып келіп, құмға сіңіп кетеді де, Шымкент теміржол вокзалының маңындағы бастау көзінен шығады. Қошқарата бабамыз Қаратау өңірінде дүниеге келген. 7 жасында Бұхараға оқуға барған. Кішкентайынан алып денелі, зерек, зейінді болған екен. Ата-анасы ауқатты, өте текті адамдар болыпты. Бұхараға аттандырар алдында құдайы тамақ беріледі. Азан шақырып қойылған аты Қылыш екен. Төртінші атасы Архар батыр кісі болған. Батыр бабасына сүйеп, «Сен Архардай бола алмассың, қошқардай батыр болғын» деп батасын берген екен. Содан кейін осылай аталып кеткен. Бұхарада 10 жыл оқып, қайтып келген соң, мешіт, медресе ашады. Оны Бұхараға қайта шақырады. Ол жаққа өзіне білім берген ұстаздарына ұстаз болып барады. Онда біраз қызмет етіп, елге қайтады. Барған жерінде бұлақ көзін ашып жүрген. «Жерден су көзін ашатын қасиеті болған» деседі.

Өзен арнасы қаланың қай жерімен өтеді?

Қошқарата өзенінің қала ішіндегі ұзындығы 12 шақырым. Ең терең жері 1,5 метр. Темір жол вокзалының маңынан бастау алатын өзен Республика даңғылын кесіп өтіп, Самал шағынауданын аралап, Бадамға барып құяды. Қорғауға алынған аймақ болған соң бұлақ басында тазалықшылар қоқыстарды жиып, теріп отырады. Бірақ қала орталығынан ағып өтетін бөлігінің бәрі мұнтаздай таза деп айта алмайсыз.

Ескі қала маңайының тұрғындары өткен ғасырдың 70-жылдары өзен суын ішуге пайдаланғандарын айтады. Әрине ол кездері суы таза болған. Ал өзенге бертінде ғана зерттеу жүргізілген. Су көлемі 1965 жылдан азая бастағаны байқалып отыр. Тіпті мүлде құрып кетуі мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Өзен ерекше қорғауға алынған аймаққа айналуы үшін оны «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық бақ» МКМ-нің қарамағына өткізіліпті. Өзеннің бұлақ көзі ғылыми тұрғыда зерттелетін аумаққа айналып, қоршауға алынған.

Суы шипалы ма?

Көнекөз қариялар да, кесене шырақшысы да «Қошқарата өзенінің емдік шипасы мол» деп дәріптейді. Түрлі буын ауруларына, жаралардың тез жазылуына сеп көрінеді. Мұнда келіп, бұлағының суын ішіп, шомылғандар да өзен суының кереметін айтады.

Әйткенмен М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Экология және биотехнология» ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының айтуынша, өзен суына ешқандай емдік қасиеттер тән емес. Өткен ғасырдың 23-жылдары толық зерттелген көрінеді. Қошқарата өзені Ұлы Жібек жолының бойын-да орналасқаннан кейін мұнда саяхатшылар, саудагерлер көптеп келетін болған. Жолдан шаршап келгендер, салқын суын ішіп, жуы-нып, өздерін жақсы сезінгеннен кейін «өзен суы шипалы» деген аңыз тараған. Биологиялық, гидрохимиялық көрсеткіштер бойынша ол – кәдімгі таза су. Бастау жағында тазалық индексі бойынша таза суға жатады. Бірақ Шымкент ішін аралап, қаладан шыққанда өзен облыстағы ең лас суларға айналады.

Екі тараптың да пікірін жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен қаланың қақ ортасын жарып ағып жатқан өзеннің қалай болғанда да тазарып, ел игілігіне жараса деген ниет қана.

Тазалаудың тың әдісі табылды. Алайда…

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Экология және биотехнология» ғылыми зерттеу институтының ғалымдары өзен суының табиғи құрамын зерттеу мақсатында төрт бақылау нүкте белгілепті. Мақсаты — судың құрамын, гидрохимиялық, биологиялық сапасы қалай өзгеретініне бақылау жүргізу. Бірінші бақылау нүктесі — өзеннің бастауы, екіншісі – Түркістан көшесі, үшіншісі – Республика даңғылы, төртіншісі – қаладан шығатын Самал шағынауданы маңында.

Үшінші мен төртінші нүкте: Республика даңғылы және Самал шағынауданы аумағында өзен суының табиғи жолмен тазармай, қосымша ластанатыны белгілі болып отыр. Республика даңғылы маңындағы бөлігі әртүрлі механикалық қоқысқа толы. «Баклашка», «пакет» толып тұр. Ауру тудыратын бактериялар көп. Алтын тәрізді стафилококк, көк іріңді тудыратын бактериялар, энтеробактериялар көбейген. Ішек таяқшасы бірнеше шекті мөлшерден асып, тазалық индексі бойынша өте лас суларға жататыны белгілі болып отыр. Ғалымдар тек зерттеумен ғана шектеліп қалмай, өзен суын тазарту жобасын бірнеше жыл бұрын қалалық әкімдікке ұсынған.

Ақмарал Исаева, М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Экология және биотехнология» ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы,
профессор:

– Өзеннің қайнар көзіндегі суы таза. Судың ішінде артық органинзмдер, бактериялар кездеспейді. Ал Түркістан көшесінің бойында судың ластану дәрежесі бірнеше шекті мөлшерден асып кетеді. Судың құрамында кездесетін ауыр металдардың ионы, нитрит, нитрат, аммон иондары, органикалық қосылыстар, детергенттер өте көп. Микроағзалардың судағы көлемі артып кеткен. Судағы оттегінің көрсеткіші өте төмен. Балдырлар химиялық заттармен ластанған. Соңғы жылдары судың динамикасын зерттедік, судағы сүліктер тіптен көбейіпті. Бір куб шаршы метрінде 25-30-дан аса сүлік кездеседі. Адам шомылғанда тыныс алу мүшелері арқылы ішке өтуі мүмкін. Қан сорғаннан кейін ісіп кетіп, тұншығуы мүмкін. Қан жолдарымен миға, өкпеге түссе, өте қауіпті жағдайға соқтырары анық. Сондықтан да уақыт оздырмай. өзен суын тазартуды қолға алу қажет-ақ.

Жоба жүзеге асса, экологтар суды тазалаудың табиғи механизмін пайдаланбақ. Ешқандай химиялық реагенттер, қосымша ксенобиотиктер пайдаланылмайды. Жоғары сатыдағы өсімдіктерді фильтр ретінде қолданатын болады. Бұл үшін Қошқарата өзенінің бойында бірнеше гидропост орналастырып, әр постта инертті материалдан жасалған торларды құрастыру керек. Оның үстінде су өсімдіктері өсірілсе, қаланың сәнін келтіріп әрі суды тазартар еді. Яғни, 1-1,5 метр болатын тамырлары арқылы суды зиянды заттардан тазалайды. Ғалымдар зертханалық тәжірибе де жасапты. Белгілі болғаны, бір тәулікте мұнай өнімдері 47 процент тазаланса, органикалық қосылыстар 50%, судағы тұздар 27%-ға азаяды екен. Демек төрт, бес гидропосттан тазаланса, қаланың сыртына шыққанға дейін толық сүзгіден өтіп, табиғи қалпына келеді. Бұл жобаны әкімшілік таныстырған. Олар қолдаған да. Алайда мәселе қаржыға тіреліп, тоқырап тұр. Қаланың бүйірін опырып кететіндей соншалықты қомақты да қаржы емес. Бар-жоғы 28 миллион. Бұған архитектуралық жоба жасалады. Торлар әдемі болуы керек. Экологиялық ғана емес, эстетикалық жағына да мән беріледі. Судың ішінде өсетін интродуцент деп аталатын көкшіл гүлдер отырғызылады. Табиғаттың өзін-өзі тазалайтын тетікті пайдаланады. Гүлі су бетінде қалқиды. Тамырлары арқылы улы заттарды қоректік зат ретінде өз бойына сіңіріп, суды тазартады.Жазда ғана емес, қыста да тазартатын қауқары бар. Бес градус суыққа шыдайды екен.

«Өзен ластанып барады» деп дабыл қаға бергенше дайын жоба қолға алынсашы. Сонда су да таза, әкімдік те тыныш болар еді… Бастысы халық та риза болмақ.

Гүлжан ЖҰМАШ