Шымкентте ҰБТ тапсырудың науқаны аяқталды. 20-26 маусым күндері аралығында өткен мемлекеттік сынақтың қорытындысы мынадай: қала бойынша орташа көрсеткіш 85,2 балға тең. 1899 (37,6 %) оқушы 100 балдан жоғары жинады. Небәрі 534 (17,6 %) оқушы шекті деңгейден өтпей қалды.

Ал ең жоғары 137 балды 5 бірдей түлек еншілеп отыр. Олар: Анеля Құралбай  мен Ақнұр Базаралы ( №9 лицей), Батырбай Заңғар (№26 мектеп-гимназиясы), Әлібек Руслан (№40 мектеп-гимназиясы) және Отабек Ирисматов (№110 жалпы орта мектеп).

Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының мәліметінше, түлектерді аудиторияға кіргізу кезінде заң талаптарының бұзылуы орын алған жоқ. Барлық түлектер арнайы рамалы металліздегіш арқылы өткізіліп, ұялы телефондары алынды. Сондай-ақ, ҰБТ ережесін бұзып, аудиториядан шығарылғандар тіркелмеген.

Айта өтейік, биыл Шымкент қаласында 11-сыныпты 7 431 оқушы тәмамдады. Оның ішінде – 4 941 қазақ, 1 326 орыс, 1 164 өзбек сыныптарының бітірушілері. Ал аталған тестілеуге  қатысуға 5059 (70%) оқушы өтініш білдірген. Бірақ 7 оқушы өз өтініштері негізінде тестілеуден бас тартты.