Әйелдерге арналған бизнес-семинар

560
Әйелдерге арналған бизнес-семинар

Кәсіп ашу — оңай. Алайда оны дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындайда өз кәсібін енді бастаған жандарға тәжірибелі бизнес-бапкерлердің ақыл-кеңесі керек-ақ. Таяуда Астана, Алматы қаласынан келген мамандар Шымкенттік қыз-келіншектермен семинар-тренинг өткізіп, бизнес жүргізудегі тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстанның бас қалалардан ат терлетіп келген бапкерлер жиында бизнес жүргізудегі кедергілермен күресу, алғашқы табыс, инвестор тарту сияқты тақырыптарды қаузады. Сондай-ақ, кездесуде кәсіпті табысты жүргізу сауалдары, несиелендіру, консалтингтік қызмет алу мүмкіндіктері талқыланды. Әйелдер сөз талқыға белсене атсалысып, баяндамашыларға сұрақтар қойды, өз пікірлерімен бөлісті.

Сабыржан Исақов, «Даму» қорының менеджері: «Даму қоры бүгінде кәсіпкер әйелдерге барлық жағдайды жасауда. Сонымен қатар бизнес ашуға қаржылай да көмек көрсетеміз, үйретеміз.»

Әйелдерге арналған бизнес-семинар

Семинардың басты мақсаты — қолданыстағы көптеген мемлекеттік бағдарламалар жайлы түсіндіріп, индустриалды-инновациялық экономиканың дамуындағы әйелдердің белсенділігін арттыру болды. Сондай-ақ, жаңадан кәсібін бастамақ болған нәзік жандылар арасында ұтыс ойындар ойнатылып, ақшалай сыйлыққа ие болғандар да кездесті.

Нигара Қасымбекова, қала тұрғыны: «Мен жұмыс орнымда отырған едім, маған бір апай келіп, «Кәсіп ашатын болсаң, жақсы ақпарат беретіндер келді» деді. Бұл жерден күшті әсер алдым, өзім де бір кәсібімді ашсам деп жүр едім. Одан лотерея ойынына қатысып, 30 мың теңге ұтып алдым. Өте қуаныштымын.»

Іс-шара Астана банкінің қолдауымен «Даму» қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға жас бизнес-бикештер мен тәжірибелерін бөлісу үшін жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер шақырылды. Бір күндік тегін семинарға барлығы семинарға 60-қа жуық бастауыш және тәжірибелі кәсіпкерлер қатысып, оларға тренинг барысында сертификаттар табысталды.

Гүлжан Байназарова