23 маусым — халықаралық Олимпиада күні. Спортсүйер қауым бұл мерекені 1948 жылдан бері жыл сайын атап өтеді. Оңтүстікқазақстандықтар үшін де бұл мейрам таңсық емес. Өйткені, жерлестеріміз де Олимп шыңын бағындырып жүр. Алайда, әр жеңіс жалғыз спортшының ғана жетістігі емес. Ұжымның 4 жыл бойы еткен еңбегі.
Рио Олимпиадасында Оңтүстіктің қоржыны екі жүлдемен толыққан болатын. Зілтемірші Жазира Жаппарқұл күмістен алқа тақса, дзюдошы Отгонцэцэх Галбадрах облысымызға қола медальды тарту етті. Бұл күн — облыс тарихында өшпестей із боп қалды. Өйткені, әр спортшының арманы — Олимпиада шыңын бағындыру.
Халықаралық Олимпиада күні жылына бір рет тойланса, Олимпиада ойындары төрт жылда бір рет өтеді. 2016 жылы Риода өткен байрақты додадан кейін жерлестеріміз Токиода 2020 жылы жалауы көтерілетін сынға көп күттірмей дайындығын бастады. Өйткені, бірқатар өзгерістер енгізілген. Мәселен, көркем гимнастикада.
Алия Юсупова: «Өзгеріс өте көп. Халықаралық жарыстарға шыққанда жаңалықтарға құлақ аспау мүмкін емес. Спортшыларды сынға алуда бірқатар өзгерістер орын алып отыр. Жеңіске жету қиындай түсті.»
Халықаралық ұйымдардан қазақстандықтар да қалыс қалмауда. Спортқа қатысты заңға жаңалықтар енгізілді.
Евгении Шкарин: «Енді қаржыландыру мәселесінде өзгерістер орын алады. Олимпиада ойындарының тізіміне енген спорт түрлері үлкен қолдау табады. Лауазымды орган арнайы тізім құрып, сол бойынша жұмыс жасаймыз.»
Дегенмен жұмыс жүргізілуде. Спортшыларымыздың бірқатары шетелде жаттығып жатса, жергілікті мамандар білікті профессорлардың кеңесін алуда. Оған қоса елімізде республикалық жастар ойындары өтіп жатыр. Бұл дода Олимпиадаға ізбасарлардың дайындығын саралайды. Жалпы командалық есепте оңтүстікқазақстандықтар алда келеді.
Сарбиназ Алдабергенова