Оңтүстік Қазақстан облыстық «Мейірім» оңалту орталығының кішкентай емделушілері сыйлыққа кенелді. Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, осы орталыққа келген «Изуми» сауда желісінің өкідері жүздеген науқас бүлдіршінді сый-сияпаттарымен қуантты. Жомарт жандар емделіп жүрген балғындардың көңілін бір сәтке болса да серпілтіп тастауға тырысты.
Мерекелік шара сән-салтанатымен басталды. «Изуми» сауда желісінің басшысы балаларды құттықтап қана қоймай, базарлықтарын үйлестірді. Мұндай тартуды күтпеген бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жайнап, риясыз қуанышқа бөленді.
Өмірәлі Ералиев, «IZUMY» сауда желісінің құрылтайшысы: «Изуми» сауда желісінің атынан барлық балаларды бүгінгі мерекесімен құттықтаймыз. Болашақтары жарқын болсын! Әрдайым бақытты да әдемі болып жүрсін. Оларға бар жақсылықты тілейміз! Денсаулықтары мықты болып, жүздерінен күлкі кетпесін! Олардың әрқайсысы бақытты бала болуы үшін біздің ұжым да атсаласып жүр.»
Зәуре Жүнісова, «IZUMY» сауда желісінің директоры: «Изуми» сауда желісі халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтайды. Денсаулық, бақыт тілейміз. Барлық балақайдың арманы орындалсын. Барлық баланың бақытты балалық шағымен отбасы болсын.»
Жылы сөздерін жаудырып, ізгі тілектерін білдірген демеушілер балғындарға мереке барысында алып келген жұмсақ ойыншықтарын табыстады. Ал 11 жасар Әсел сыйлықтан бұрын мейірімді жандардың ыстық ықыласын асыға күткенін айттып, мәз-мейрам болды.
Әсел Айтқұл: «Мейірім» облыстық оңалту орталығының емделушісі: «Бүгін, 1 маусым — балаларды қорғау күні. Бізге демеушілер көп сыйлықтар тарту етті. Мен мұнда көп жылдан бері ем қабылдап келем. Маған бұл жер ұнайды.»
Осылайша «Изуми» сауда жүйесінің бұл жақсылығы балаларды ғана емес, үлкендерді де қуантты. Үнемі жомарттық танытып, демеушілік жасап тұратын сауда желісіне оңалту орталығының басшысы да ризашылығын білдірді.
Шоқатай Асан, «Мейірім» облыстық оңалту орталығының бас дәрігері: «Балалар — біздің болашағымыз. Оларға барлық жағдайды жасап отырмыз десек те ол аз. Сондықтан осы балғындардың емделіп, жақсы болып кетуіне біздің көмегіміз қажет. Барынша қолдан келгенді аямайық.»
Оңалту орталығында 3 тен 15 жас аралығындағы, жүйке жүйесінде ақауы бар жүздеген бала емделуде. Бұл күні «Мейірім» орталығының қызметкерлері де барлық ем-домдарын кейінге қалдырған. Мұның барлығы емделушілердің мерекені көңілді өткізуі үшін дейді мамандар.
Гүлжан Байназарова