Оңтүстік Қазақстан облысы республикамызда алғаш боп егін ору науқанын бастап жіберді. Қазығұрт ауданындағы «Айқожа» өндірістік коооперативіне қарасты егістік алқабына комбайндар түсіп, бидайдың алғашқы өнімі қамбаға жөнелтілді. Егіс ору науқанының куәгері болған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан басшылығына алдағы жылдары арпа, бидай егіс көлемін арттырып, оны экспорттау мен тұқымдық сапасын жақсарту мәселесіне назар аударуды жүктеді.
— Өкінішке қарай, облысымызда тұқымдық бидайдың зерттеліп, саралануы жоғары дәрежеде емес. Сондықтан шаруалар шамалары келгенше жергілікті сұрыпты пайдаланып келеді. Осыған байланысты қазір ақ егіс бидайдың сапасын реттеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Себебі, егін егуде тұқымның сапалы болуы өте маңызды, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 218 мың гектар бидай егілген. Одан 401 мың тонна астық жиналады деген жоспар бар. Мәселен, бір ғана Қазығұрт ауданында 38 мың гектар алқапқа арпа-бидай егіліпті. Диқандар гектарына 25,4 центнерден өнім жинаймыз деп ниеттеніп отыр.
— Бүгінде біздің кооперативте жер көлемі 12700 гектарға жетіп отыр. Оның 6700 гектары тәлімді, 1000 гектары шабындық, қалғаны ауыспалы егіске жатады. Өткен жылы 1050 гектар бидай алқабынан 24 центнерден қамбаға 2520 тонна астық жинадық, — дейді «Айқожа» өндірістік коооперативі төрағасының орынбасары Саян Батырбаев.
Қазіргі таңда мұнда орақ науқанында 30-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Жұмысшылардың орташа жалақасы 60 мың теңгеден жоғары. Кооперативте егін ору науқанына техника толығымен жеткілікті. Жалпы биылдың өзінде қазығұрттық астық егумен айналысатын қожалықтар 32 дана жаңа техникамен жабдықталыпты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев