Оңтүстік Қазақстанда қарбыз пісті. Өңір шаруалары бүгіннің өзінде алғаш жиналған 300 тонна қарбызды Ресей асырып үлгерді. Мысалы, сарыағаштық шаруалар аудандағы қарбыз өсіретін Бозай, Жамбыл ауыл округтеріндегі 720 га егістіктен 170 тонна қарбыздың ерте пісетін сұрпын жинап, көрші мемлекеттің Магнитогорск және Белорецк қалаларына жөнелтті. Жергілікті қожалық иелері қарбыздың келесі партиясын саудалауға дайындалып жүр. Таяуда 200 тонна қарбыз тағы да еліміздің солтүстік аймақтарына жол тартады деп күтілуде.
Жалпы, сарыағаштықтар өткен жылы 105 мың тонна қауын-қарбыз жиған болатын. Биылғы болжам 120 мың тоннаға жетеді дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ауданда бақша өнімдері 4,5 мың га алқапқа егілсе, оның 3,5 мың га-нда қауын-қарбыз бапталуда. Оның ішінде 720 га танап ерте пісетін қарбыз түріне арналған.
Мақтааралдық қарбыз өсірушілер де көршілес аудандағы әріптестерінен қалысар емес. Онда бүгінде 100 тонна қарбыз Ресейге экспортталып үлгерген. Аудандағы Атамекен ауыл округінің дихандары қарбыздың әр келісін 150 теңгеден өткізіп жатыр. Ал жалпы биыл Мақтаарал ауданында 5700 гектарға қарбыз егілген.
Шардаралық шаруалардың да бақша өнімдері баршылық. Ондағы Жаушықұм ауыл округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына жіберді. 2 гектар алқапқа плеенка астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тоннодан қарбыз алудан үмітті.
Шардара ауданы бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары егілген. Толығымен жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе, шығынның орны толады.
Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың га жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша биыл да аймақ диқандары 1 млн тоннаға жуық қауын-қарбыз жинайды деп күтілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото — Самат Мырзалиев