Оңтүстікте биыл 11 мыңнан астам түлек жоғарғы оқу орнын тәмамдады

639

Шымкен қаласындағы Әл Фараби алаңында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «ҮЗДІК ТҮЛЕК-2017» салтанатты диплом тапсыру кеші өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, жоғарғы оқу орнын сәтті бітірген түлектерді құттықтап, жас маман иелеріне алдағы қадамдарына табыс тіледі.

– Бүгін – сіздер үшін ерекше күн. Себебі белгілі бір маман иесі атанып, үлкен өмірге қадам бастыңыздар. Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесі ұлттық тарихымыз бен жаһанданудың, ізденіс пен күрестің кеңістігі болып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім» екенін айрықша атап өтті. Оңтүстік білім, ғылым, инновациялық дамуларда көш бастап келе жатқан өңір. Сондықтан бітіруші түлектерді жұмыс орнымен қамтамасыз етуде облысқа инвестициялар тартуды басты міндет етіп қойдым, – деді әкім.

Мерекелік шарада университеттің 4 мыңға жуық студенті 86 мамандық бойынша оқуды аяқтап диплом алса, оның 580 түлегі қызыл диплом иеленді. 75 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университет биыл толағай табыстарға қол жеткізді.

Атап айтар болсақ, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының рейтингісінде ІІІ орынды иеленсе, QS (кьюэс) рейтингісі бойынша әлемдегі 4,5 мың жоғары оқу орындарының ішінде 609-дан 501-орынға көтерілді.Оқу орнындағы 16 мыңнан астам студентке 1500-ден астам профессор-оқытушы, оның ішінде 23-і академик, 650-ден астамы ғылым кандидаттары, 170-ке жуық ғылым докторы сапалы білім беруде.

Жыл сайын 700-ге жуық студент пен 150-ден астам оқытушы Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік танымал жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруде. Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі 12 жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық жас білім алуда. 2017 жылы 11 мыңнан астам түлек оқуын бітіріп шығып, дипломдарын қолына алып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев