28 маусым — ақпарат майданында жүрген журналистер күні. Осынау айтулы датаға орай облыстық Отырар ғылыми-әмбебап кітапханасында ұзақ жылдар бойы журналистика саласына еңбегі сіңген Әмір Сейіт Әлиев пен ЖұмамұратТұяқбавқа арналған мүйіс және баспасөз залы ашылды.
Іс-шараға ақпарат саласының өңірімізге белгілі қызметкерлерімен қоса қаламгерлердің туған-туыстары да қатысты. Баспасөз залында ұлтын сүйіп, ұрпаққа ұлағатты тәрбие берген журналистердің қолданған заттары мен ақпарат саласында атқарған елеулі еңбектерінің марапаттары қойылған.
Баспасөз кабинетінің ашылуына жиналған қауым белгілі журналистердің өмір жолынан естелік айтып, сыр шертті. Журналистика саласында ерен еңбек еткен тұлғалар ел есінде сақталары сөзсіз. Енді бұл зал өңіріміздегі журналистер қауымының бас қосып, келелі мәселелерді талқылауына қолданысқа беріледі.
Жанерке Хумар