Парламент сенатының депутаттығына — Оңтүстіктен үш үміткер

471
Парламент сенатының депутаттығына - Оңтүстіктен үш үміткер

28 маусымда Қазақстан парламенті сенатына сайлау өтеді. Еліміздің конституциясында сенаттың 32 депутатын жанама сайлау құқығы жазылған. Онда мәслихаттар депутаттары жасырын да­уыс беру жолымен сайланатыны белгіленген. Осылайша Қазақстан халқы өз өкілдері арқылы сенатты құруға қатысады. Ал 15 депутатты қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерінің өкілдігін сенатта қамтамасыз ету қажеттігін ескеріп, Президент тағайындайды. Енді осы сайлауда өкілеттілік мерзімі аяқталатын сенаторлардың орнына еліміздің әр өңірінен бір-бірден 16 сенат депутаты сайланғалы отыр.

Парламент сенатының депутаттығына - Оңтүстіктен үш үміткер

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, өңірімізде сенат депутаттығына 5 кандидат ұсынылса, оның үшеуі тіркелген. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен күні кеше қалалық мәслихат депутаттарын таныстырды. Өйткені осы халық қалаулылары 28 маусымда үміткерлерге дауыс береді. Үміткер Сейтжаппар Есжанов — «Стандартцемент» серіктестігінің бас инженері. Депутаттар алдында мақсатының айқын екенін дәлелдеуге күшін салды.

Саяси додаға «Нұр Отан» партиясының ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әлімжан Құртаев та қатысуда. Еңбек жолын құрылыс саласында бастаған үміткер, бірқатар аудандардың әкімі, облыс әкімінің орынбасары болып қызмет еткен. Облыстық көші-қон және демография басқармасының басшысы, көші-қон және демография агенттігі төрағасының орынбасары, Отырар ауданының әкімі, «Оңтүстік құрылыс сервис» серіктестігінің директоры лауазымдарында да болды.

Үшінші үміткер — Асылхан Темірхан, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары. Өңіріміздің мәдениет саласын дамытуға көп жылдар еңбек еткен тәжірибелі маманның да депутаттарға айтары бар.

Сайлауалды бағдарламаларды мұқият тыңдаған депутаттар Асылхан Темірханды еліміздегі көшбасшы партия қатарына шақырса, Сейітжаппар Есжановқа қоғамда етек жайған сыбайлас жемқорлықпен күресу жолдары турасында арнайы тармақтар енгізу керегін ұсынды.

Енді 28 маусым күні үміткерлердің қайсысы сенат төрінен орын алатыны белгілі болмақ.