Сенат сайлауына Шымкенттен 3 үміткер қатысты

Бүгін Қазақстанда Сенат депутаттарының сайлауы өтті. Сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек палатадағы 20 орынға ел бойынша жалпы саны 55 кандидат тіркелген. Оның үшеуі Шымкент қаласынан ұсынылды. Бұл жанама сайлау болғандықтан, тек мәслихат депутаттары ғана дауыс бере алады. Ал елімізде 3168 депутат бүгін өз таңдауын жасады.

Шымкентте Парламент Сенатына депутаттарды сайлау сағат 11.00-де бастау алды. Бүгін мегаполистік 30 депутат өз таңдауын жасады. Шымкент қаласынан жалпы саны 6 үміткер қатысуға ниет білдірген, оның үшеуі науқанға қатысуға мүмкіндік алды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2022 жылдың 29 қарашасынан басталып, 16 күнге созылған еді. Сенатор болуға республика бойынша 130-дан астам үміткер құжат тапсырып, олардың тек 55-і ғана тіркелген. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 24 желтоқсан мен 13 қаңтар аралығында жүргізілді.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласының мәслихат хатшысы: «30 депутат толығымен келді. 30 депутат 1 млн 200 мыңға жуық халықтың атынан өздерінің таңдауын жасады. Сенат сайлауы-жанама сайлау, халықтың атынан біздің маслихат депутаттары дауыс береді»

Дауыс беру және оларды санау рәсімін тәуелсіз бақылаушылар қадағалады. Жалпы дауыс берудің алдын ала қорытындысы бойынша үміткерлер арасында Бауыржан Алтеев 3, Альбина Елшиева 4, ал Нұрлан Бекназаров 23 дауыс жинады.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Жаңа бюллетеньдерде барлығына қарсы деген нұсқа бар. Алайда, бүгін барлығына қарсы ешкім дауыс берген жоқ. Жалпы, алты үміткер өз өтініштерін берді, бірақ үш үміткер кейбір талаптарға сай келмей өтпей қалды. Бүгін үш үміткердің сенімді өкілі қатысты. Сайлау ашық түрде өтті».

Жалпы дауыс беру бір күн ішінде өткізіледі, ал нәтижесі 20 қаңтарға дейін жарияланады. Бақылаушылардың сөзінше, сайлау кезінде ешқандай кемшілік немесе наразылық анықталған жоқ. Ал есептелген дауыстар елордаға жіберілді. Айта кетейік, Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 6 жыл.