Шымкент қалалық мәслихаттың депутаттары қаладағы төрт аудан әкімдері мен Абай және Қаратау аудандық жергілікті полиция бөлімі басшыларының есептерін тыңдады. Жиын барысында, сондай-ақ, қалалық сәулет, жер қатынастары мен білім бөлімдерінің басшылары да атқарған жұмыстарымен және күрмеуі көп мәселелерді шешу жолын депутаттармен бөлісті.
Алдымен Шымкент қаласының 2016 жылдың бюджетінің орындалу мәселесі талқыланды. Сала мамандарының айтуынша, өткен жылы қала бюджеті 99,9 пайызға орындалыпты. 111 млн теңге игерілмей қалған. Мұнша қаражат мемлекеттік сатып алу конкурсынан үнемделген теңгелер екен, ол ақша тиісті салаға кері қайтарылған. Ал бюджеттің кіріс бөлігі 2 млрд теңгеге артығымен орындалған.
Бұдан бөлек төрт ауданның есебін тыңдаған халық қалаулылары аудан әкімдеріне жүктелетін жұмыстардың жеткілікті екенін, әсіресе, қалаға қосылған елдімекендердің сұраныстарын қанағаттандыру қажетіне баса тоқтады. Осыдан 6 ай бұрын халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын тездету қажеттігі айтылды. Ретсіз сауданы жеңе алмай жүрген шенеуніктер сынға ұшырады.
Бұған дейінгі жиындарда бірнеше рет мінбеге көтеріліп, атқарған жұмыстарының есебін өткізе алмай жүрген Абай аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысының бүгін жолы болды. Сыннан нәтиже шығарған сақшылар алдағы уақытта өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға уәдесін берді.
Ал бірде-бір рет есеп беруге келмей, үнемі орынбасарын жіберетін Қаратау аудандық полиция бөлімі басшысының мәселесін қарау туралы депутаттар осы кездесуге арнайы келген облыстық жергілікті полиция басқармасының басшысы Әбдіғани Сейдуалиевке ұсыныс берді.
Нұрлан Күдерұлы