Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде мұнай өңдеу тереңдігі 80 пайызға артып, өнім шығару көлемі жылына 6 млн тоннаға, жанармай өндірісі 3 есе көбейді. Ең бастысы — жанармай сапасы Евро-4 және Евро-5 экологиялық стандартына көшті.
Тарихи оқиғаға қатысты өткен салтанатты жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және Қытайдың CNPC компаниясы бас директоры Биан Дыжы қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.
— Елбасымыз халыққа арнаған жолдауында елімізді өз мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету керегін баса айтқан болатын. Осы тапсырмаға сай Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қазірде аталған бағдарламаның аясында Қазақстанның 3 ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін, міне, бірінші кезеңнің іске асуына куә болып отырмыз, — деді Жансейіт Түймебаев.
Жаңарту жұмыстарының бірінші кезеңінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында шикізатты ыдыстарға саңылаусыз құятын қондырғы іске қосылды. Сондай-ақ қуаты жылына 1,5 млн тонна дизель отынын гидротазалайтын және жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылып жұмыс істей бастады. Айта кетейік, инновациялық тың технологиялар автоматты түрде басқарылады.
Мамандардың айтуынша, бұдан былай ауа ластанбайды. Ең бастысы – зауыттағы жұмыстардың бәрі қауіпсіз іске асырылатын болады. Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.
Еске сала кетейік, 2 кезеңнен тұратын Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған болатын. Жобаның бас мердігері – Қытайлық СРЕСС компаниясы. Жобаны іске асыруға 30-да аса жергілікті мердігер компания тартылған. Бүгінде зауыт акциясы «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен қытайлық «СNPC» компаниясына тиесілі.
Сондай-ақ, зауытта жылына 4 мың тонна күкірт шығарылады. Құрылымдау жұмыстарының екінші кезеңі толық аяқталса, зауыт еліміздегі әлемдік талаптарға сай ірі кәсіпорынға айналатын болады. Жыл сайын Шымкент мұнай өңдеу зауытынан ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтарға 4 млн тоннаға жуық мұнай өнімдері тиеп жөнелтіледі.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Самат Мырзалиев