Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

46
Шымкент мұнай өңдеу зауыты

Шымкентте мұнай өңдеу зауытындағы (МӨЗ) жоспарлы жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  баспасөз қызметіндегілер хабарлады.

«7 сәуірде Шымкент МӨЗ («ПҚОП» ЖШС) жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын аяқтады. Жоспарға сай сәуірде ПҚОП 366 мың тонна мұнай өңдеуі қажет. Бензин өндірісі 110,1 мың тонна, дизель отыны – 114,8 мың тонна, сұйытылған мұнай газы – 15,1 мың тонна, әуе отыны – 19,3 мың тонна, мазут – 77,6 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр» делінген баспасөз хабарламасында.

Айталық, мұнайды бастапқы айдау қондырғысы жұмыс режиміне жоспарлы мерзімінен бір тәулік бұрын, каталитикалық крекинг қондырғысы 5 тәулік бұрын шығарылды.

Мұнайды бастапқы айдау, каталитикалық риформинг, дизель отынын гидротазарту, керосинді гидротазарту, каталитикалық крекинг қондырғыларының жекелеген бөлшектерін ауыстыру, қалпына келтіру және жабдықтарын баптау сияқты іс-шаралар атқарылды. Жөндеуге 22 мердігер ұйым мен 1305 маман тартылған.

«Азаматтық қорғау туралы» заңының талаптарына сай жабдықтар мен техникалық құбырларға техникалық куәландыру мен өнеркәсіптегі қауіпсіздігіне сараптама жүргізілді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «ПҚОП» ЖШС рекордтық көлемде 6,2 млн тонна мұнай өңдегенін еске сала кетейік. Бұдан бұрын Мемлекет басшысы зауыттың өндірістік қуатын арттырып, мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойған болатын.