«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясынан жағымды жаңалық. Шымкент мұнай өңдеу зауытында өнімдерді нүктелік, яғни саңылаусыз, автоматты түрде құятын қондырғы іске қосылды. Қазақстанда алғаш рет өндіріске енгізілген қондырғының бірнеше артықшылығы бар.
Бұл жаңа қондырғымен бензинді қазандыққа құйғанда оның буы ауаға жайылмайды. Қоршаған ортаны ластаудан сақтайды. Яғни, құю телескопы қазандықтың аузынан оператордың қашықтан басқаруымен кіреді. Аузы нық бекітіледі. Құю жылдамдығы әлдеқайда жоғары. Бір сағат ішінде сыйымдылығы 60 тонналық 8 қазандықты толтырады. Басқару тетігінде тек үш адам болады. Компьютерден құйылған сұйықтықтың көлемін қадағалап, реттеп отырады. Ернеуінен асып-төгілмейді.
Бір вагонды 6-7 минутта толтырып, жөнелтетін қондырғының қуаттылығы жылына 2,5 млн тонна мұнай өнімін құюға жетеді. Қазақстанда алғаш рет іске қосылған қондырғының құрылысына 95 адам қатысқан. Барлығы 7 кран тартылыпты. Құрал-жабдықтың бәрі де әлемнің алдыңғы қатарлы Шерц компаниясында жасалған.
Зауытты жаңарту және қайта құрылымдау жобасы аясында дизел отынын гидротазалайтын, күкірт өндіретін қондырғылар іске қосылған. Енді қазір жоғары октанды бензинді алуға арналған нафтаны изомерлеу қондырғысының құрылысы жүріп жатыр.
Жәнібек Нұрыш