Шымкентте қоқыс шығару тарифі қымбаттауы мүмкін

594
Шымкентте қоқыс тасымалдау да қымбаттауы мүмкін

Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдық шығару қызметінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Ал қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы қызметінен кетпейтін болды. Шымкент қалалық мәслихатының кезекті 17-сессиясында осы және өзге де 17 мәселе қаралды.

Шымкентте енді қоқыс тасымалдау бағасы қымбаттайды. Қатты тұрмыстық қалдықты шығару үшін көпқабаты үй тұрғындары жан басына 102 теңгенің орнына — 171, ал жеке сектер тұрғындары 120 теңгенің орнына 200 теңгеден төлейтін болды.

Бұл — қала басшыларының біраз уақыттан бері іске асыра алмай жүрген жоспарлары болатын. Мәслихаттың кезекті 17-сессиясы осы бағаны бекітіп берді. Жанар-жағармай қымбаттады, қоқыс полигоны қаладан 15 шақырым алыстады деген сылтауды айтқан шенеуніктердің, тіпті, қоғамдық тыңдау өткізген-өткізбегені белгісіз.

Бағаны қанша көтергенімен осы саладағы келеңсіздік жойылады деп айту қиын. Техникалары талапқы сай емес, жұмысшылары жеткіліксіз мекемелер қоқысты аптасына бір рет қана жинайды. Десе де депутаттардың біразы бағаның өсуіне қарсы болды. Бірақ, биліктің сөзін құптағыштар жағы басымдық танытып, баға бекітілді. Енді оған халық не дейтінін уақыт көрсетеді.

Бұл бір десеңіз, әлеуметтік желіні шулатып, заң бәріне бірдей деп жүрген қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан жұмысын жалғастыратын болды.

Міне, осыншама келеңсіздігі бар полицейді жұмыстан босату туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қалалық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын не себепті кері қайтарып алғаны белгісіз. Әйтеуір мәселені тұрақты комиссияның отырысында талқылаған депутаттар сессия барысында күн тәртібінен алып тастады.

Нұрлан Күдерұлы