Шымкентте Қошқар өзенінің маңындағы Бекетті көшесіндегі бір үй құлап қалды. Соның салдарынан екінші үйдің қабырғасы бүлінген. Оқиға орнына шұғыл жеткен Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары жағдайды егжей-тегжей саралап шықты. Мамандар үйдің құлауына ешқандай сыртқы күштердің әсер етпегенін айтып отыр.
Алты баланың әкесі Қали Қалекенов аумағы 1,8 соттық жерде тұрған бұл үйді ақпан айында сатып алыпты. Бір млн теңгеге алған үйді күрделі жөндеуден өткізуге асықпаған себебін де түсіндіруге тырысты. Айтуынша, Қошқар ата өзенінің аумағындағы ескі үйлер бұзылады деген ақпаратты естіген екен.
1940 жылдары салынған бұл үйдің іргетасы жоқ. Саз-балшық кірпіштен тұрғызылған баспананың қабырғалары үгітіліп тұр. Екі үйдің ортасында бір қабырға болғандықтан, көршісінің үйінің қабырғасы аздап жарылыпты. Енді үй иесі өз күшімен құлаған қабырғаның кірпіштерін тазартып, көршісіне қауіп төндірмейтін жағдай жасауға уәдесін берді.
Жасыратыны жоқ, жергілікті биліктің ескі қалашық пен Қошқар ата өзенінің маңындағы үйлерді бұзып, орнына көпқабатты үйлер тұрғызу жоспарлары жайында айқанынан көпшілік құлағдар. Сол себепті де тұрғындар баспаналарына қандай да бір жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыздық танытып жүр.
Нұрлан Күдерұлы