Шымкентте мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Онда үздік қызметкерлер қала әкімінің алғысын алып, бірқатары салтанатты түрде ант қабылдады. Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлері ән мен жырдан шашу шашып, өнерден де кенде емес екендерін байқатты.
Әртүрлі деңгейдегі 300-ден астам шенеунік бүгін мерекелік жиыннан табылды. Шаһар басшысы «бір терінің пұшпағын илеп жүрген» әріптестерін құттықтап, алғысын жаудырды. Бұл салада табыс табуды көздегендерге жол жоқ екенін, басты міндет елге қызмет екенін ескертті.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы да аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәделдеді. Сол үздік мамандардың бірқатары бүгін қала әкімінің алғыс хатына ие болды.
Тағы 10 қызметкер «Мемлекеттік қызмет туралы Заңға» сәйкес салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл күні кеңселік стилін сахналық костюмдерге алмастырған шенеуніктер өнерден де құралақан емес екенін байқатты. Келгендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әуезді әннен шашу шашты.
Мақпал Рысбаева