Отандық дәрі-дәрмек өндіретін «Санто» компаниясы Қазақстан баспасөз клубымен бірлесе отырып жаңа медиа-жобаны қолға алды. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген журналистер медицина саласындағы өзекті тақырыптарды дәрігерлермен бірлесе бейресми жағдайда талқылайды. Журналистердің басын қосқан жобаның алғашқы отырысы Алматыда өткен болатын. Енді Шымкент қаласында жалғасын тапты.
«Дені сау журналист» клубы жұмысын мамырда бастаған. Шымқаладағы кездесуде журналистер медицинадағы жаңалықтармен қатар отандық дәрі-дәрмек өндіретін «Санто» компаниясының жұмысымен танысты. Елімізде алдыңғы қатарға шыққан жүрек, бас сақинасы кеселдерінің алдын алудың жай-жапсарын әңгімеге арқау етті. Кәсіби дәрігерлерден өз сауалдарына жауап алды. Ұйымдастырушылардың да діттегені осы — мамандардың осы саладағы сауаттылығын жетілдіру.
Яна Нарышева, «Химфарм» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі: «Заманауи медицинадағы жаңалықтар, еліміздегі денсаулық сақтау саласындағы проблемалар мен түрлі аурулар жайында ақпарат алуға көмектескіміз келеді. Сондай-ақ, профессорлар, білікті дәрігерер, эксперттермен бетпе-бет кездесіп, мәселелерді көтере алады.»
Журналист мамандығы — жүйкеге салмақ салатын қызмет. Уақыттың тапшылығынан қаралуына уақыты бола бермейді. Сондықтан дәрігерлерді осы жерге алып келдік дейді ұйымдастырушылар. Мұнда журналистер невропотологтан кеңес алып, қан қысымын өлшетіп, түрлі медициналық тест жасатуға мүмкіндік алды.
Нұржан Сейтанов, невропотолог-дәрігер: «Тексеру барысында тілшілердің жүйке жүйелерінің шаршағанын, компьютерде көп отыратынын, психо-эмоциалдық жүйеге салмақ түскенін байқадық. Соған байланысты қайда тексерілу қажет, қандай дәрілер ішу керегіне нұсқаулар бердік.»
Іс-шара барысында аурудың алдын дер кезінде алудың маңыздылығы жайында бейнероликтер көрсетілді. Осы мәселені тілшілер көбірек насихаттаса деген ойлар да айтылды. Ал клуб жұмысы алдағы уақытта өзге өңірлерде жалғасын табады.
Айгүл Керімқұлова