Шымкенттегі Ордабасы алаңындағы Абдулxамид Қаттани мешіті күрделі жөндеуден өтіп, бүгін есігін қайта айқара ашты. Құрылысы 8 айға созылған ғимараттың қасбеті толығымен ақ мәрмәрмен апталып отыр. «Бұл жөндеу жұмыстары үшін қазынадан арнайы қаржы қаралмаған, сауапты іс жеке демеушілердің көмегімен жүзеге асты» дейді дін өкілдері.

Ахметжан Керімбек, облыстың бас имамы: «Қаттани мешіті қаламызда жылдар бұрын ашылған. Содан бері бірқалыпты, дұрыс жолда қызмет етіп келеді. Бір кездері халық алдында облыстық деңгейде еңбек еткені есімізде. Бүгінде құлшылық үйінде 15 діни қызметкер жұмыс жасайды. Ал бүгін қаламыздағы жамағат үшін мешіттің жағдайын жасаған бірқатар азаматтарға алғысымды білдіремін!»

Сондай-ақ, мешіттің есік-терезесі, едені, жарық, жылу жүйесі де жаңаланып отыр. Кілем-төсеніштер де ауыстырылыпты. Енді мұнда 60 кісіге арналған дәретхана да бар. Мешіттегі қабылдау және құран оқу мен әйелдерге арналған бөлме, діни қызметкерлердің залы толығымен соңғы заманауи үлгідегі жаңа жиһаздармен жабдықталды.

Мешіт аумағында 250 орынды асхана мен діни дүкендер де қызметін бастады. Айта өтейік, шаһарымыздағы осынау Алланың ақ үйі 1997 жылы бой көтерген. Мешітте бір уақытта 1500 жамағат намаз оқып, Жаратқанға құлшылық ете алады.