Топырақ басып қалған жұмысшыларды алып шығу кезінде құтқарушы жарақат алды

385
Топырақ басып қалған жұмысшыларды алып шығу кезінде құтқарушы жарақат алды

Шымкенттегі қаптаған құрылыс жұмыстарының бірі қайғылы аяқтала жаздады. Жер қазып, кәріз құбырын төсеп жатқан жұмысшыларды топырақ басып қалған. Келеңсіз жағдайдың кесірінен бір адам жарақат алды. Ол — топырақ басып қалған жұмысшыларды шығаруға келген құтқарушы. Қазір жарақат алған адам ауруханада жатыр. Топырақ басып қалған жұмысшыларды құтқару операциясы 5 сағатқа созылды деп хабарлайды облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілдері.

Шымкентте жұмысшыларды құтқармақ болған төтенше жағдай қызметкерінің өзі жарақат алып қалды. Құтқарушының үстіне абайсызда темір бетон құлап кеткен. Ауыр жарақат алған азаматты жедел жәрдем қызметерлері тез арада ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер майып болған қызметкердің бел омыртқасы сынған дейді. Аурухана төсегіне таңылған азамат қазір есін жиды.

Еске салайық, кеше кешкісін Шымкенттегі Тастақ көшесінде тереңдігі 4-5 метр етіп қазылған шұңқыр опырылып қалды. Соның салдарынан шұңқырдың ішінде жұмыс істеп жатқан 5 жұмысшыны топырақ басып қалған. Куәлердің айтуынша, осы сәтте шұңқырдың жанына Камаз жүк техникасы өтіпті. Топырақ басып қалған азаматтардың барлығы ауруханаға жеткізіледі.

Айта кетейік, Тастақ көшесіндегі құрылыс жұмыстарын «Югсантехмонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мұнда жұмысшылар жолды қазып, кәріз құбырларын өткізуі тиіс. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздік шараларын сақтау үшін өздері жолдағы шұрықтардың маңын қауіпсіздік үшін бекітпек болыпты. Дәл осы кезде темір бетон құтқарушының үстіне құлап түскен.

Айта кетейік, топырақ басып қалған жұмысшыларды құтқару операциясы 5 сағатқа созылған. Ал жолдағы құрылыс жұмыстарына тікелей жауапты тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мамандары оқыс оқиғаға байланысты сұхбат беруден бас тартты. Айтуларынша, тергеу жұмыстары аяқталмай бұл іске қатысты түсінік бере алмайды.

Лаура Нахыпқызы