«Қазына» би ансамблі Түркиядан оралды

775
"Қазына" би ансамблі Түркиядан оралды

Түркия төрінде Қазақстанның өнерін әлемге мойындатқандар! Анадолы елінде өткен халықаралық фольклорлық би байқауында топ жарған «Қазына «би тобы елге оралды. Бас жүлдені иеленіп, олжаға кенелген бишілерді бүгін әріптестері мен әртістер қауымы күтіп алды. Осымен 67-рет ұйымдастырылған, әлемнің 22 елі қатысқан «Алтын қаракөз» додалы жарыс бір аптаға созылған болатын.

«Қазына» би ұжымының бұл жарысқа екінші рет қатысуы. Алғашында тек үздік ондықтың қатарынан көрінген ансамбль мүшелері қайта күш жинап, жаңа бағдарламалар дайындап, бағын сынап көрген. Талмай еңбектену мен ізденістің нәтижесінде әлемнің 22 елі қатысқан сында талай азулы бишілерді артқа тастап, бас жүлдені еншіледі. Осылайша түрік еліндегі қазылардың ыстық ықыласына бөленген қазыналықтардың қуанышында шек жоқ.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекованың айтуынша, әлемдік байқауда өнер көрсету оңай болмапты. Би қимылдарын ғана емес, бишілердің әрбір қадамын қадағалаған қазылардың талабы жоғары болған. Байқау кезінде қатысушылар 3 шақырымдық шеру кезінде билеп, ұпай жинаған. Сондықтан тек кәсібилер ғана бақ сынаған сайысқа қиын әрі ерекше би қойылымын дайындаған. Бұл ретте белгілі режиссер Нәсімханым Камалқызы көмегін көрсетіпті.

Зәуре Әжібекова, «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі: «Байқау бірнеше сыннан тұрды. Алдымен бишілер 3 шақырымдық шеруге қатысып, би билеп өтуі тиіс. Өзіңіз ойлаңыз — тек жүріп ғана емес, би билеу керек. Ұлттық киіммен. Осы үшін бізге баға қойды. Конкурстың ашылуында 5 минуттық бағдарлама көрсеттік. Тағы да бағасын береді. Бірінші турда 8 минуттық би биледік. Егер 1 секунд асып кетсе, екі балыңды кемітіп тастайды. Барлығы санаулы. Екінші бөлімінде тек ғана халықтық фольклорлық би болуы шарт. Барлық қазылар бірауыздан бізді қолдады.»

Нәтижесінде қазақтың күмбірлеген күйіне қойылған билерімен өзгелерді таң-тамаша қалдырған ұжым «Алтын қаракөз» атағына лайық деп танылды. Осылайша тағы бір халықаралық дәрежедегі жүлдені қанжығасына байлаған ұжым үздік екенін дәлелдеді.

Махаббат Әбдешова