Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

4937
Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлерді қандала басып жатыр. Редакциямызға осылай деп хабарласқан тұрғындар қыстан бері әбден мезі болғандарын айтады. Әсіресе, балалардан обал болды деп шағымдануда. Ал тиісті орындардан көмек сұрағанымен нәтиже жоқ. Дезинфекция саласы мамандарының өзі көмек бере алмай қауқарсыз. Амалы құрыған соң тұрғындар соңғы уақытта өздері қандаладан құтылудың түрлі тәсіліне көшкен.

Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

Студенттер қалашығындағы №75 үйдің 30-пәтерінде тұратын Гүлмира апайдың үйінде қандала қыста пайда болған екен. Алғашқыда денелері қызарып, ісініп, қышынғанда аллергия деп ойлапты. Кейін балаларының үлкені жастық, көрпенің тігісінінен бір жәндіктің шығып жатқанын байқаған. Қанша өлтіргенімен, майда жәндіктер азаймай, кене сияқты үлкейіп, пәтерді қаптап кеткен екен. Сұрастыра келе оның қандала екенін анықтап, 2 рет мамандарды шақыртып, дезинфекция да жасатады. Алайда, құтыла алмапты. Содан отбасының мазасы жоқ. Үй ішімен түні бойы өлтіріп шығады. Қазір пәтердегі түсқағаздарды ауыстырып әлек. Арасында сірке суы қосылған сумен үйді қайта-қайта жуады екен. Мүмкін, содан кетер дейді үміттеніп.

Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

Гүлмира Дидарбекова: «Мұндай бәле жоқ еді, қайдан келгенін… Осы бөлмеде пайда болды. Түсқағазын ауыстырып жатырмыз. Көршілермен қосылып, 2 рет дезинфекция жасадық. Көрпе-төсекті далаға жайсақ та құтылмадық.»

Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

Айбергенов көшесіндегі №8 үйдің 10-пәтерінде тұратын Айнаш Ақбердиева да жыларман халде. Зейнеткердің қолында екі бірдей мүгедек жан бар. Олардың күтімімен қатар енді қандала теріп, көзін жоюға мәжбүр. «Үйге кіргім келмейді, соңғы уақытта жалғыз өзім сыртта жүремін» дейді қария. «Үйді дәрілеймін деп әбден шығындалдым. Сала мамандары қандаладан құтылуға көмектессе екен» дейді.

Көпқабатты үйлерде қандала қаптап барады

Айнаш Ақбердиева: «Дәрі сатып алып, өзім септім, болмағасын. Бәрібір жүгіріп жүр. Диваннан қорқып, жерге жатып едім, жаймадан үшеуін тауып алдым.»

Дезинфекция стансасына күніне қандаладан зардап шеккен 3-4 адам хабарласып, көмек сұрайды. Жылуды жақсы көретін жәндік күн ысығанда тіпті көбейген. Студенттер қалашығы, Айбергенов және Гагарин көшелеріндегі көпқабатты үйлерде көп. Мамандар қансорғыш жәндікті таратындар — жиі көшіп-қонатындар дейді. Сосын үйінде қандала бар екенін көршілеріне айтудан ұялып жасыратындар дегенді де қосты. Жәндікпен жалғыз адам арпалысып, бір пәтерді залалсыздандыру арқылы құтылу мүмкін емес көрінеді.

Елена Шестопанова, облыстық дезинфекциялық орталықтың бөлім басшысы: «Мұндай кезде базардағы препарттар көмектеспейді. Олар тек уақытша тұншықтырып ғана қояды. Сондықтан кәсіби мамандарға хабарласқан дұрыс. Сосын мамандардың залалсыздандыру кезінде айтқан шараларын орындамаса нәтижесі болмайды.»

Санитар мамандар қандала ауру таратпайтын жәндік деп отыр. Дегенмен, тұрғындар түні бойы көз ілмей, ұйқыдан қалдық дейді. Сосын үйдегі бар затын лақтырып, пәтерін қайта жаңартуда. Ал мамандар қандала үйің жаңа не ескі деп бөліп-жармайды, пәтерге жетіп алса болды, бірден көбейеді дегенді айтты. Сосын 3-4 күнде 300-ге жуық жұмыртқа тастайды екен. Енді бұл мәселеге жауапты мамандар араласпаса, жазы күзге дейін созылатын Шымкенттегі барлық үйлерді қандала басып кетуі ғажап емес.

Айгүл Керімқұлова