Шымкент әкімдігі ғимаратын жөндеу басталды

Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты орналасқан ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыстарға жауапты мамандардың айтуынша, 1961 жылы пайдалануға берілген нысан осы күнге дейін толық күрделі жөндеуден өткізілмеген. Осыдан 5 жыл бұрын ғимараттың терезелері ғана алмастырылыпты. Бүгінде мердігерлер ғимараттың бір бөлігінде жұмыс істеп жатыр.

Шымкент әкімдігі ғимаратын жөндеу басталды

Құрылысшылар 5 айдың көлемінде аумағы 5 000 шаршы метр ғимаратты толығымен жаңартады. Осы уақыт аралығында нысанның электр, жылу су және кәріз жүйелері алмастырылып, едендері жаңартылады. Сондай-ақ, ескі ғимараттың қабырғалары сейсмикалық нығайтылады. Себебі Шымшаһардың күре жолында орналасқан ғимаратқа арлы-берлі ағылған көліктер де әсерін тигізеді екен.

Шымкент әкімдігі ғимаратын жөндеу басталды

Жаңарту жұмысына 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті. Аталмыш нысанды күрделі жөндеуден өткізу 2015 жылы жоспарланған. Арнайы мамандар толық сараптама да жүргізген. Осы ғимаратта бүгінгі таңда 200-ден астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді.

Бүгінгі таңда жұмыс әкімшілік ғимаратының бір корпусында жүргізіліп жатыр. Оған 30-ға тарта жұмысшы жұмылдырылған. Ал осы ғимараттан шыққан ескі құрылыс материалдарын мердігерлер толығымен мемлекет қажеттілігіне тапсыруға міндетті.

Нұрлан Күдерұлы