Шымкентте мүгедектер мен жетімдерге берілген үйдің қабырғалары көгеріп кетті

366

Шымкентте мүгедектер мен жетімдерге берілген үй шіріп, көгеріп кетті. Мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындар баспананың 2 жыл ғана шыдас бергенін айтады. Бар сұмдық кепілдік мерзімі аяқталған соң басталған. Алғашында қақыраған қабырғалар бүгінде тіпті көгеріп кетіпті. Тұрғындар мұның себебін үй құрылысының сапасыз салынуынан көреді.

Мүгедектер мен жетімдерге берілген бұл үй өткен жылы ғана даудың астында қалған еді. Шатыры біз өкшенің кесірінен тесілген баспананың былығы тағы да ашылды. Бұл жолы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің пәтерлері зеңге толып, көгеріп кетіпті.

Роза Мұстафаеваның бұл үйге көшіп келгеніне 6 жыл болған. Сөзінше үйі 2 жыл бойы мінсіз тұрып, кепілдік мерзімі аяқталған соң көгере бастапты. Әр жерде пайда болған зеңнен үйдің сау тамтығы қалмаған. Салдарынан балалары да жиі жөтеліп, үйге кіргісі келмейтін күйге жеткен.


Роза Мұстафаева, қала тұрғыны: «Үлкен қызым мен екінші қызым бір апта демала алмай ауырды. Жөтелді. Енді кішкентай қызым жөтеле бастады, ауа жетпейді. Білмеймін не істейтінімді. Маған да ауа жетпей жатыр. Екі жылға кепілдік берген. 2 жыл мінсіз тұрды. ал төртінші жылы мына сұмдық басталды».


№135 – тұрғын үйде Роза Мұстафаевадан бөлек тағы 4 отбасы осылай өмір сүріп жатыр. Баспананың ең жоғарғы қабатында тұратын олар күн сайын қабырға сүртумен әлек. Тек олардың бұл әрекетінен нәтиже болмай тұр.


Майра Сақтағанова, қала тұрғыны: «Көгеріп кете береді. Апта сайын сүртеміз, сүртеміз болмайды бәрібір. Қарайып кетіп жатыр ғой. Бөлмелер де, балконда сондай ғой. Бірінші жылы жақсы болды. Ал келесі жылы осылай шыға бастады».


Тағдыр тауқыметін бала күнінен көрген тұрғындар талай рет жауаптыларға арызданыпты. Тек олар әр хабарламаны жауапсыз қалдырып келген. Бірақ, түсірілім тобы келгенде ұстатпай жүргендер атышулы үйге өз еріктерімен келді.

Асхат Тілеубергенов, тұрғын үй басқармасының бас маманы: «Бюджеттік ұсыным  берілген қазір. Смета жасауға. Қазір сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақша бөлінгеннен кейін жөндеуді бастаймыз. Оған дейін шыдайды».


Жылдар бойы құрылыс былықтарына шыдап келген тұрғындар бұдан былай сабыр сақтамайтындарын айтады. Енді олар қала әкіміне жүгініп, мәселені шешпек ниетте.

Назерке Үкібасова