Сәрсенбілік сырласу сағаты. «Ерлік» музейінде жыл басынан бері әр апта сайын елі үшін еңбек сіңірген, халық мүддесін биік қойып, отан қорғаған, тіпті ерліктің үлгісін көрсеткен тұлғалармен ашық аспан астында кездесу дәстүрге айналған.
«Ата- бабабар аманаты — елдік пен ерлік , бірлік пен ынтымақ «атты жобасының кезекті қонағы Сайрам ауданының құрметті азаматы, су саласының ардагері Өсетулла Жабағиев ағамыз болды. Ел ағасының 70 жылдық мерейтойына орай сырласу сағаты «Жетпіс жылдың жеңістері мен жемістері» деп аталып, оның өмір тарихына, еңбек жолына арналды. Өсетулла Жабағиев Түлкібас ауданындағы арнайы техникумды бітірген соң, еңбек жолын ауыл, су шаруашылығы санасынан бастайды. Қайнарбұлақ совхозында гидротехник болып еңбек етіп, директорына дейін көтеріледі. Бүкіл ғұмырын су саласына арнайды.
Патриоттық кешке бас кейіпкердің туған-туыстары, жұбайы мен замандастары, жас сарбаздар арнайы шақырылыпты. 70 жасқа келсе де қызмет сапынан қол үзбеген үздік еңбек иегерінің атқарған жұмыстары , ішкі жан сыры да айтылмай қалмады. Ал су саласының майталманы туралы кітаптың авторы, жазушы Мархабат Байғұттың айтуынша, Өсет ағаның кез келген ісі, адал еңбектің жемісін көрген өмір жолы, әсіресе, жас толқынға үлгі-өнеге.
Мархабат Байғұт, жазушы: «Еңбекте ерлік жасаған жан. Өсетулла Жабағиев Сайрам ауданының каналы, арығы, уаттарына дейін жақсы біледі. Мұндай білікті, білімді, өз ісін жақсы білетін мамандар аз ғой бүгінде. Сондықтан әлі күнге дейін өз жұмысын атқарып жүр.»