Кәсіпкер музейге ат әбзелдерін сыйлады

773
Кәсіпкер музейге ат әбзелдерін сыйлады

Еңбек ерлігі… Шымкенттегі «Ерлік» музейінің басты ұстанымы осы. Қарапайым еңбек адамымен сәрсенбілік сырласу сағатын ұйымдастырды. Бұл жолғы кейіпкері – кәсіпкер. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған азаматтың бүгінде бағындырған белесі көп. Жуырда ғана көпшілікке таныстырылған «Ордабасы» қойының авторларының бірі. Көкпар аттарын баптайтын тағы бір қыры бар. Сонымен, бұл кейіпкеріміз кім?

«Шынайы бизнес те, еңбек ерлігін қажет етеді». «Ерлік» музейінде өтіп жатқан іс-шараның тақырыбы осы. Ал басты кейіпкер – Байбосын Зұлпыхаров бүгінде бизнесін өрге өрлетіп жүрген азамат. Қазанатқа қызығатын азамат. Қазығынан ат үзбеген атасының жолын қуып бүгінде осы саладан нан тауып жүр. Жиналғандарға көненің тілімен көсемнің сөзін терген шешендігі ұнаған. Әрі ел үшін атқарған еңбегі де аз емес екен.

Кәсіпкер музейге ат әбзелдерін сыйлады

Байбосын Зұлпыхаров, кәсіпкер: «Өзің қызығатын салада еңбектенсең, көп нәтижеге қол жеткізуге болады. Бүгінгі жетістіктің бәрі де адал еңбек, маңдай тердің нәтижесі. Мына жастар ащы термен келетін еңбектің құнын біліп өсуі тиіс. Бизнесте адал болу керек. Сонда ғана тасың өрге домалары анық.»

Кәсіпкердің көкейге түйгені осы. Тек өз кәсібінің шеңберінде ғана шектеліп қалмай қисары қойды зерттеумен айналысқаны көпшілікті қызықтырғаны рас. Ең алғаш осы туралы деректерді жинай бастағанында ресейлік ғалымның «дәл осы қойдың шыққан тегі көшпенділердікі» дегенді оқып біліпті. Ата-бабасының ғылымнан мол хабары болғанын осы дәлелдеп тұр дейді. Содан көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Еділбай қойы мен қисары қойды будандастыру арқылы «Ордабасы» сұрыпын шығаруға атсалысқан.

Кәсіпкер музейге ат әбзелдерін сыйлады

Мархабат Байғұт, ОҚО құрметті азаматы, жазушы: «Бүгін зиятты, зиялы, үлкен кәсіпкермен мықты тақырыпта сырласу кеші өтіп жатыр. Көрерменнің көпшілігі жастар. Осындай тұлғалармен ашық әңгіме, сырласу сағатын өткізу өте керек. Бұл азаматтың бизнесі анау-мынау бизнес емес, адал, шынайы, өзіне де, елге де, ауданға да табыс келтіріп жатқан бизнес. Киелі жылқының, қазақы қойдың тұқымын асылдандырып жатқан, жерді емген, малды емген бизнестің түрі. Ерлік пен елдікті насихаттайтын жоба жалғаса берсін деп тілейміз.»

Көкпар аттарының өте қымбат тұратыны белгілі. Өзі де осы ұлттық ат спортына аса қызығатын болғандықтан жылқыны асылдандырумен де айналысқан. «Жаным жылқыдан жаралған, жылқы малына қатты қызығамын» дейді өзі. Жастарға тек еңбек еткенде ғана биіктерді бағындыруға болатынын ұғындырды. Соңынан атымтай жомарттың бүгінгі сарқыншағы екенін дәлелдеп, «Ерлік» музейіне теріден жасалған аса бағалы ертоқымды сыйға тартты. Бұдан бөлек жасаған өзге де сыйы бар.

Гүлжан Көшерова