Ынтымақта екі отбасы бір учаскеге соттасуда

462
Ынтымақта екі отбасы бір учаскеге соттасуда

Шымкентте тағы да жер дауы шықты. Ынтымақ шағынауданындағы Жаңа құрылыс көшесінің тұрғыны айдың-күннің аманында жер телімімен қоса баспанасынан айрылып қалғалы тұр. Сот орындаушылары бүгін осыдан 5 жыл бұрын салынған үйді бұзып, үш балалы отбасын шығарамыз деп келген.

Ынтымақта екі отбасы бір учаскеге соттасуда

Аядай ғана екі бөлмелі баспананың сыйқы – мынау. Ерлі-зайыптылар әупірімдеп жүріп әрең салған үй осыған дейін бірнеше рет сүрілетін болған. Тұрғындар баспанадан да, жер телімінен де тірідей айрылмаспыз деп бекініп отыр.

Ынтымақта екі отбасы бір учаскеге соттасуда

Рахима Әуезова: «Әділет органдарына жерімізді тіркетейік деп барсақ, міне, электронды базада сіздердің орындарыңызда басқа кадастр нөмірі тұр. Садықова Хилола деген кісі осы жердің иесі дейді. Қалай ол кісі иесі болады? Ол кісі 2010 жылы алады да бізді 2014 жылы сотқа береді. «Менің жеріме сен келіп, заңсыз үй салып алдың» дейді. Сонда ол 2010, 2011, 2012, 2013 жылдары неге жерін іздеп келмейді? Ана жерде, бір учаскеден кейін учаскесі тұр. Сол жерге барып, соттасады. 2 жыл бойы. Сол кезде келмейді ме, «Кешіріңдер, мына жер менікі екен, сендер үй салып жатырсыңдар менің жеріме» деп?»

Бүгін де сот орындаушылар үйді сүрдіру үшін арнайы техника алдыртыпты. Соттың алғашқы сатысында бірнеше жылдан кейін жерін даулауға кіріскен Хилала Садықованың құжаттары заңсыз деп табылған. Артынан апелляциялық сот алқасы шешім шығарып, тұрғынның есебінен баспананы сүру туралы шешім шаққан дейді сот орындаушысы.

Ынтымақта екі отбасы бір учаскеге соттасуда

Сапархан Ниязов, сот орындаушысы: «Негізі – соттың шешімі. Атқару парағы. Міне, 2014 жылдың 23 шілдесі күні шыққан. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Абай аудандық соты қарап, шешім шығарған.»

Ал соттың екінші сатысында жеңіске жеткен Хилала Садықова қандай бір түсініктеме беруден басын ала қашты.

Алдымен аудандық, сосын облыстық сотта қаралған жер дауының мәнісіне қанығу үшін Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне де бардық. Мамандардың айтуынша, қос тараптың құжаттарында да шикілік болған. Мүліктің дауға түсуіне себеп – осы.

Сонымен, қос тараптың келісімі нақтыланбай, бұл үй әзірге сүрілмейтін болды. Зар илеп жүріп баспанаға әрең қолы жеткен тұрғындар мүлкімізге иелік ету үшін Елордаға дейін баруға бекініп отырмыз дейді. Енді бір қойылса, жылдар бойына созылған жер дауына еліміздің Жоғарғы соты нүкте қояды.

Мақпал Рысбаева