Заңсыз абоненттер газдан ажыратылуда

252
Заңсыз абоненттер газдан ажыратылуда

Шымкентте газға заңсыз қосылған абоненттерді құбырдан өшіру жұмыстары басталды. Олар құжаттарын рәсімдеуден бас тартқан. Мұндай нүктелердің арасында көп қабатты үй, жекеменшік балабақшалар мен мешіттер бар. Бұл нысандар көгілдір отынды газ таратушы мекемеден тыс пайдаланғысы келеді дейді жауаптылар.

Жекеменшік 6 балабақша, мешіттер, полиция бекеттері мен жанармай құю орындары, кафе, қонақ үйлер — бұлардың барлығы заңссыз тізімдегі нысандар. Барлығының иелері газ құбырына қосылып алған. Ал Ғани Іляев көшесінің бойындағы тұрғын үй кешені сырт қарағанда бос көрінгенімен, ғимаратқа біртіндеп адамдар орналасып жатыр. Дегенмен, газдары жоқ. Кешеннің иесімен бір жылдан бері арпалысып келе жатырмыз дейді газ таратушылар.

Газ таратушылар заңсыз қосылғандарға жеңілдік жасайық деп, заңдастыру акциясын жариялағандарын да айтады. Дегенмен, осындай абоненттердің тек 10 пайызы ғана құжаттарын заңдастырыпты.

Еске салайық, 2010-2017 жылдар аралығында газға қатысты қайғылы жағдайдан Оңтүстікте 91 адам мерт болды. Олардың барлығы иіс газы тиіп, уланған. Қайғылы жағдайдың көбісі газға өз бетімен қосылған нысандарда немесе бұрынғы құбырға жаңа нүктелер қосылған жерде болады дейді мамандар.