Газ құбырын жүргізу үшін ақша жинағандардың жауабы

320

Қайнарбұлақ саяжай алабындағы тұрғындардан газ жүргізу үшін ақша жинап жүргендер кімдер? Белгілі болғандай аумақ белсенділері газ жүргізуге алдын ала дайындықты бастап кеткен. Және ол үшін тұрғындардан 10 мың теңгеден жиналғанын растап отыр.

Қайнарбұлақта газ жүргізу жұмыстарына ақша жинау жайтына қатысты тың ақпараттар анықталды. Саяжай алабының белсенділері газдандыру үшін ақша жинауда белсенділік танытқанын мойындап отыр. Ол үшін 10 мың теңгеден жиналыпты. Айтуларынша, бұл сома әр үйдің жобалық-сметалық құжатын жасауға жұмсалады екен.

Ақмарал ӨМІРЗАҚОВА, Қайнарбұлақ саяжай алабының төрайымы: «Біріншіден фискальды чекпен келісімшартты ала отыра ол осы папканы алады. 10 мың теңге жобалық-сметалық құжатқа беріледі. Ол бір күнде дайын болмайды. Әр үйге жасалады. Біз жұмысты құбыр тартылғанда бастай беретін едік. Бірақ, бізде тағы бір жыл болды».

Белсенділер сөзінше, олар жеке компаниямен келісімге отырған. Шарт бойынша компания құжаттарды құбыр қойыла бастағанда дайындап үлгеру керек. Алғашқы бұл салымды ЖШС-тердің бірі есептеген екен.

Ақмарал ӨМІРЗАҚОВА, Қайнарбұлақ саяжай алабының төрайымы: «Мен бәрін бақылауда ұстаймын. Жұмыс көріне бастағанда 50 мың теңгеден жинауды бастаймыз. Бұл келісімдегі құбырға жиналатын ақша. Ал, 30 мың теңгені көгілдір отынды қосқанда жинаймыз».

Азиз ҚАРАТАЕВ, «ГАЗ СЕРВИС ЮГ» жетекші инженері: «1,5 ай ішінде біз 200-500 абонентпен келісімге келдік. Шарт бойынша олар бізбен келісіп, өздері ақы төлеп жатыр. Жобалық -сметалық құжат дайын болған соң монтаж жұмыстары басталады».

Еске салайық, Қайнарбұлақтағы көгілдір отын дауы тұрғындардың айқай-шуынан кейін басталған еді. Мұндағы жұрт газ жүргізу үшін өздерінен ақша талап етті деп шағымданған болатын. Ал мұндағы белсенділер болса, ақша әрбірт тұрғынның өз еркімен жиналып жатқанын алға тартады. Бүгінде мұндағы халықтың 20 пайызы 10 мың теңгеден беріп үлгеріпті.

Гүлсара ҚҰЛТАЕВА, Қайнарбұлақ саяжай алабының тұрғыны: «Бізге көгілдір отын өте қажет. Көмір жанбайды. Пеш болса бықсып жатыр. Ал, газ баллонымен тіпті қиын. Газ шығарады, үнемі ауыстырумен боламыз. Енді келісімшартқа отырдық».

Ал, аудан әкімдігі болса, Қайнарбұлаққа көгілдір отынды тек ендігі жылы береміз деп отыр. Сөздерінше, елді ақша жинауға ешкім мәжбүрлемеген. Және сеніп тапсырылған ақшаға тек жинап алған жандар ғана жауап береді дейді.

Бақдәуір Қалмен, Қаратау әкімдігінің бөлім басшысы: «Кооператив төрағалары абоненттеу құжаттарын әзірлеу тобын әзірледі. Ресми келісімшарт жасайды, жеткізуші мен тұтынушы, олар абоненттен техникалық шарттарды әзірлеу және орнату міндеттерін өз мойнына алады. Біз кеңесіп, ауызша түрде абонементке дайындықты жоспарлап отырмыз. Бұл азаматтық-құқықтық тәртіпте реттеледі».

Қаратау ауданының әкімдігі тұрғындарды сақ болуға шақырады. Ал, егер жұрт газ жүргізу үшін ақша жинауды ұйғарса, тек саяжай алабының белсенділеріне беру керектігін ескертеді. Және міндетті түре келісімшартқа тұру қажет.

                                                                                         Назерке Үкібасова