28 маусым — баспасөз, телеарна және байланыс қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке қарасаңында төртінші билік өкілдері құттықтау қабылдай бастайды. Дегенмен, бұған марқайып, жұмысы тоқтап қалатын тілшілер жоқ. Өз мерекесі күні де халыққа ақпарат таратуды бірінші орынға қояды.
Журналист жұмыс барысында отқа да, суға да түсуге дайын. Көрерменге ұсынатын материалы қызықты болуы үшін бәріне барады. Журналистиканы өмірге серік етіп алу дегеніміз — осы сала үшін тек денсаулығың емес, тіпті қажет болса жаныңды беруге дайын болу деген сөз.
Жаңалықтың эфирге, жұртшылық назарына ұсынылуы үшін талай шаруа атқарылады. Тілшілер микрофонын ұстап, түсірілімге шығады, сұхбат алып, жаңалықтарды жинақтайды. Экслюзивті мәліметтерді іздеп табады. Редакцияға келгесін мәтін жазып, бейнемонтаж жасайды. Тағысын тағылар, көзге көрінбейтін жұмыстар жетерлік.
Білікті журналист Мақпал Рысбаева мереке күні марапатқа ие болды. Дегенмен, бұл күні мерекені тойлап жататын уақыт жоқ. Жұмысқа келген соң ол бірден материал жазуға көшеді.
Қызығы мен шыжығы көп журналистика саласы кез келген тілішіні жан-жақты дамытады. Ең бастысы — төртінші билік өкілдеріне халық сенім артып, қашан да болсын шағымдарымен бөлісуге дайын. Сондықтан болар, қолына микрафон ұстаған тілшілер қауымы шенеуніктерден гөрі қарапайым халыққа жақын. Ал бұл — ең бастысы.
Лаура Нахыпқызы