Бұрындары той төбелеспен аяқталатын болса, бүгінде атыспен аяқтау ішінара орын алып, көңілге үрей ұялатып жүр. Күні кеше Сайрам ауданында тойда атыс болды. Қонақтардың зәре құтын қашырған оқиға Ақсукент елді мекеніндегі мейрамханалардың бірінде орын алған. Жас жігіттер тойға келген көпшілік қауымға өздерінің «мықты» екендіктерін көрсеткісі келді ме екен, қарудан аспанға бірнеше рет оқ атқан. Нәтижесінде атылған оқтың бірі «Бентли» автокөлігіне тиіп, одан жанамалап шашыраған бытыра 65 және 21 жастағы екі әйелге тиген.
Дене жарақаттарын алған жәбірленушілер дәрігер көмегіне жүгінген. Жарақаттары аса ауыр болмағандықтан, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен соң үйлеріне қайтарылған. Әрине, жарақат ауыр болмағанмен де, қылмыстың аты қылмыс. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіп, үш күдіктіні құрықтады. Олар 1992, 1993 және 1996 жылы туған облыс тұрғындары болып шықты. Олардың екеуінің бұрын сотты болғаны анықталды. Күдікке ілінгендердің бірінің үйін тінту барысында 12 калибрлі аңшы шолақ мылтығын, екі травматикалық тапанша және әртүрлі калибрдегі оқтар тәркіленді.
Ал екінші күдіктіге тиесілі «Мерседес» автокөлігінен айғақты зат ретінде 16 калибрлі аңшы шолақ мылтығын және гильза табылды. Аталған іске қатысты Сайрам АІІБ ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» және 287-бабы 1-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қарумен оқ атуды мақтан тұтып, қылмысқа барған күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі хабарлады.