«Өрлеу» арқылы кішігірім кәсіпкерлікті өрлетуге болады

613

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовпен сұхбатты ұсынамыз.

– 2015 жылдан бастап «Өрлеу» жобасы қолға алынған болатын. Жалпы осы жобаның мақсаты туралы тоқталып, кімдерге көмек берілетіні жөнінде айтып өтсеңіз?

– 2015 жылы «Өрлеу» жобасы Түлкібас, Төле би, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласында пилоттық негізде жүзеге асырылған болатын. 2016 жылы облыс басшылығымен барлық аудандарда жүзеге асырылатын болып келісілді. Былтыр жоба бойынша 1600 отбасы қатысып, 445 миллион теңгеге жуық әлеуметтік көмек алды. Сол көрсеткішпен республика бойынша үшінші орынға тұрақтады. Биылғы жылғы мақсатымыз — атаулы әлеуметтік көмек алатын, балалар жәрдемақысын алатын отбасылардың 35 пайызын қамту болатын. 126 мың жобаға қатысушыларды қамту жоспарда болса, бүгінгі күні 83 мыңға жуық азамат қамтылды. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша облысымыз республика бойынша бірінші орынға шықты.

– Былтырға қарағанда биыл көмекке мұқтаж отбасылар азайып отыр ма, әлде көбейген бе?

– Жалпы жоспар бойынша бұл бағдарламаның мақсаты аз қамтамасыз етілген отбасылардың қатарын азайту болып табылады. Былтырдан биылға қарағанда 18 жасқа дейінгі жәрдемақы алатын отбасылар 0,7 пайызға азайса, ал атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 28 пайызға азайып отыр. Жоспар бойынша аз қамтамасыз етілген отбасы көлемінен 35 пайыз қамту жоспары болған. Сол бойынша тиісті шаралар атқарудамыз. 83 мың адамға 4,2 млрд теңге көлемінде шартты ақшалай атаулы көмек берілді.

Бағдарламаның ең басты мақсаты -масылдықты жою. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың ішінде еңбекке қабілетті азамат болса жұмыспен қамтылуы тиіс. Алдыңғы кезде атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысын алатын отбасылардағы еңбекке жарамды азамат ұсынылған жұмыстан бас тартуы мүмкін еді. Бас тартса да жәрдемақыларды алуға құқысы болды. Ал «Өрлеудің» мақсаты ол азаматтарды жұмыспен қамти отырып, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Тағы бір ерекшелігі бұрын жәрдемақы алатын азаматтар табысын растайтын құжаттарды тоқсан сайын өткізіп отыратын. Бұл жоба құжат айналымын азайту. Бір рет өткізеді, соған байланысты оған шартты ақшалай көмек тағйындалады 6 айға. Келісімшарт түзіледі. Соған байланысты міндетті орындаған жағдайда тағы да 6 ай мерзімге ұзартуға болады.

– Аз қамтамасыз етілген дегенде ол қандай отбасылар? Анықтап айтсаңыз…

– Оларға – табыс көлемі әр отбасы мүшелеріне шаққанда күнкөріс деңгейінің 60 пайызға жетпегендер жатады. Мәселен, бір отбасыда 6 адам болса, айлық табысы 30 мың теңге. Әр адамға шаққанда 5 мың теңгеден түседі. Ол күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бүгінгі күні күнкөріс деңгейі 22 690 теңге болатын болса, бұл жерде 60 пайызы 13 760 теңгені құрап отыр. Соның аралығындағы қаржы төленеді. Оны ай сайын немесе тоқсанына бір рет алуға болады. Алынған қаржының да өзіндік талаптары бар. Оған бұрынғы несиелерін жабуға, сауда саттық жасауға болмайды.

– Қандай құжаттар тапсыру қажет?

– Отбасы құрамы туралы, жеке басын куәландыратын құжаттарын өткізу қажет. Жұмыспен қамту орталығында арнайы «Өрлеу» бағдарламасымен айналысатын мамандарға жүгініп, өтінім беруі керек. Әрбір ауыл округі әкімдігі жанында учаскелік комиссия бар. Олар отбасылық жағдайымен танысады. Басқа табысы жоқ екендігі дәлелденсе әрине ол отбасы бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар. Егер отбасының есігі алдында көлігі, қорасында малы болатын болса, онда мүмкіндігі жоқ. Статистика органдары белгілейтін әр көліктен, әр жеміс беретін талдан, малдан түсетін ең төменгі табыс көлемі болады. Соны есептеп, нақты аталған бағдарламаға қатысатыны, қатыспайтыны белгілі болады. Өзіндік талаптары бар.

– «Өрлеу» бойынша жәрдем алғандар кейін осы ақшаларды қайтарады ма?

– Жоқ. Ол ақша қайтарылмайды.

– Ақшалаай көмек алғандар қандай мақсатта жұмсауына болмайды?

– Тоқсан сайын алатын болса онда қомақты сома болады. Оған міндетті түрде сол отбасыға пайда келтіретін дүние алуы керек. Тігін машинасы, шашатаразға қажетті заттар, құс асырауға, ұсақ мал алуға болады. Осылайша отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып алуына болады. Бұл қайтарымсыз ақша. Ертеңгі күні мұның бәрі тексеріледі. Оларға арнайы мамандар бөлініп, жеке жоспар жасалынады. Арнайы мамандар 1 жыл бойы отбасыны бақылап, қолдау көрсетіп отырады.

Сұхбаттасқан — Гүлжан Байназарова