«Отырар» телеарнасындағы «Жаң күн» бағдарламасы әрдайым көрермен көңілінен шығып жүр. Күн сайын түрлі сала мамандары жаңалықтарымен бөлісіп, көрермен сауалына жауап береді. Бұл жолғы студия қонағы Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің наиб имамы Мұрат Бастарбекұлы отбасындағы тәрбие, ата-ананың перзент алдындағы парызы, бала тәрбиесіне қатысты мәнді де мағыналы ғибадат айтты.
– Қазақ халқында «Балаңды жат үйден тойдырма, қызыңды жат үйге қондырма» деген қанатты сөз бар. Асыл дінімізде бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлінген?
– Пайғамбарымыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөліңдер деген. Бала тәрбиелеуден бұрын ең алдымен дұрыс жар таңдауға кеңес берген. Келешек ұрпақты дүниеге алып келетін ана болғандықтан жарды текті жерден таңдай біліңдер деген. Ата-ананың бойында тазалық, имандылық болса, дүниеге келген ұрпақ та саналы болады. Зере анамыз Абайды дәретсіз емізбеген екен. Ананың, әкенің бойында қаншалықты тазалық болса, Құдайға деген ғибадат құлшылығы болса, перзент те иманды болады. Анасы бисмилламен емізіп, баланың ештеңеден хабары жоқ кезден бастап мейірімін төгіп, махаббатын арнауы керек. Егер ата-ананың бойында балаға деген мейірім болмаса, кейін баланың да ата-анаға деген мейірімі болмайды. Бала отбасында жақсы тәрбие көріп өсуі тиіс. Ұрыс керістен аулақ болып, әкесінің намаз оқуы, әкесінің отбасында жақсы сөз айтып, анасына жақсы қарым-қатынас жасауын көріп өскен бала соған қарап бой түзейді. Бала еңбектеп жүре бастағаннан-ақ ең алдымен «Лә илаһа илаллаһ» деген сөзді үйрететін болсақ, басымызды сәждеге қойғанда қасымызға алып намаз оқуды үйретсек, келешек ұрпағымыздың иманды болуына бірден бір дұрыс жол болары анық.
– Баланы неше жастан бастап тәрбиелеу керек?
– Абу Ханифа Рахматуллаһ уалаиқтың заманында бір кісі келіп, «Балама шариғаттың насихатын үйретейін деген едім, қай уақыттан бастасам болады?» дегенде, оған «балаңыз неше жаста?» деп сұрапты. «Алты айлық» десе, «ә, онда алтын ай кеш қалған екенсіз» деген екен. Яғни, бала дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, ата-ана баланың келешегіне көп мән беруі керек. Құлағына азан айтып, Аллаға деген шүкіршілігімізді білдіріп, бала үшін Алладан дұға тілеу қажет. Әкенің перзентінің алдында үш міндеті бар. Ең алдымен перзентіне мағыналы есім беруі керек. Мұсылман баласы болған соң оған намаз оқуды, ораза ұстауды, жақсы мен харамды ажыратуды насихаттау керек. Ата-ана баласына ақылмен емес, іс әрекетімен үлгі болуы қажет. Өзімізде тәрбие, өзімізде ізгі амал болса, ұрпақ соны айтпасақ та әкесінің жүрісін, істеген ісін жасауға тырысады. Қыз баласы да өзінің анасының бойындағы жақсы қылықтарды жасауға ұмтылады. 7 жасында баланы намазға үйрету қажет. Осы жаста бала толық білім алуға, оқуға, жаттауға қабілетті болады. Егер оқымаса 10 жасында оқыту қажет. Он жасында оқымаса онда ұрып оқыт деген. Ол сабау деген сөз емес. Балаға жауапкершілікті қатаң ескертумен жаса, бұл нәрсенің бізге пайдасының көбірек екендігін ұғындыру қажет. Кейін бала намаз оқып, ораза ұстаудың пайдасын түсінген уақытта рахметін айтатын болады.
– Бала қай жастан бастап намаз оқуы керек?
– Қыз баласы 9 жаста, ұл бала 12-де бәлиғат жасына толады. Оған дейін балаға да, қызға да еңбектеген кезден бастап, жанымызға отырғызып, қолына тәспі беріп, алақан жайып бетін сипауды жәйлап бойына сіңіруіміз қажет. Пайғамбарымыз (Ғ.У.С) бір сөзінде әкенің перзентінің алдында міндеті болса, перзенттің де ата-ана алдындағы міндеті болады деген. Бала әкесінен бұрын ешуақытта сөйлемесін деген. Қазақта «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйленгеннен без» деген ұлағатты сөз осы хадистен алынған. Тағы да Пайғамбарымыз «бала әкесінен бұрын дастарханға отырмасын, тағамға әкесінен бұрын қол созбасын» дейді. Бұның бәрі де әкесіне деген үлкен құрмет. Халқымызда «әкесі бар адам бас ұстамайды» дейді. Бас қадірлі ас саналатыны белгілі… Біздің ісіміздің барлығы шариғатқа ұласуы керек. Адам баласы өмірде жақсыны, жаманды, жаратылысты ақылмен тани алмайды ешуақытта. Сондықтан да Алла Тағала біздерге Құранды түсірді, біздерге Елші-Пайғамбарды жіберді. Ол кісінің айтқан ұлағатты сөздері бар, тиым салған қатаң ескертулері бар. Оның барлығы біздің пайдамыз үшін. Көп адамдар ойлауы мүмкін «Балаға намазды жүктейді, ол әлі жас қой, ол ненің не екенін білмей жатып неге үйретуіміз керек?» дегендей сөздерді айтады. Әрине, жас балалар тұрмақ біздер үлкендер намаздың қаншалықты пайда бар екенін айтып отырсақ та оны жасамай жүргендер қаншама? Біздің өміріміз дінмен байланысты болатын болса біз көп жақсылыққа қол жеткіземіз. Басымызда қиын жағдай болсын, қуанышты жағдай болсын шариғатта өмір сүрсек біз жауабын табамыз. Оң шешімін аламыз. Ал бүгінгідей көп адам өзінің ақыл санасына беріліп өмір сүрсе, онда көптеген қиындыққа тап боламыз… Ата-ананың перзентіне деген жауапкершілігі өте терең болуы керек. Пайғамбарымыз хадисте айтқандай «Бағбаншылар бауына, малшылар малына жауап бергендей сендер де ертең отбастарыңа жауап бересіңдер» дейді. Әрбір ер-азамат өзінің шаңырағындағы тәлім тәрбиеге, бәріне жауапты.
– Арнамызға арнайы келіп қоғамдағы өзекті мәселе ата-ана тәрбиесі жөнінде кеңінен ақпарат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!
Сұхбаттасқан — Мөлдір Бекеева