Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстікке келді

557
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстікке келді

Облыста жұмыскерлерге төленетін әлеуметтік төлемдердің аударылуы көңіл көншітпейді. Өңірімізге іс-сапармен келген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова салаға жауаптылардың жұмысын сынға алды. Аудан-қалаларды аралап, әлеуметтік мәселелер бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізген министр «Стандарт Цемент» зауытында болып, жұмысшылармен де кездесті. Сондай-ақ, өз бетімен жұмыспен айналысу­шыларды қолдау мақсатында қолға алынған «Өрлеу» жобасының да жайымен танысты.

Министр бастаған топ қыз-қыз қайнаған жұмыстың үстіне түсті. «Өрлеу» жобасына қатысушы Айнұр Жаманқұлованың шағын цехында бүгінде сәнді киімдерден бастап тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі тігілуде. Мемлекеттік қолдауға ие болған шымкенттік тұрғын қазір ірілі-ұсақты тапсырыстар алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сүйікті ісінен нәпақа тауып, отбасының кірісіне қолғабыс жасайтын кейіпкеріміз алдағы уақытта цехты кеңейтіп, жұмыссыздарға екі қолға бір күрек ұсынсам дейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстікке келді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сапары «Стандарт цемент» зауытында жалғасты. Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар кәсіпорын 2011 жылы құрылған. Серіктестік жылына 2 млн тонна өнім өндіреді. Тауарлар ішкі нарықтан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстанға саудалануда. Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқан Тамара Дүйсенова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушылармен де кездесті. Орайлы сәтті пайлананған жұмысшылар көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Оңтүстікке келді

Зейнетақы демекші, министр ханым өңірдегі әлеуметтік қамсыздандыру төлемдерінің көңілден шықпайтынын атап айтты. Ресми деректерге қарағанда облыста 184 млн теңгенің төлемі төленбей отыр. Бұл тіпті жалақы қарызынан да көп болып шықты. Мемлекеттік кіріс саласы қызметкерлері мен жұмыс берушілердің салғырттығынан жұмыскерлер әлеуметтік қолдаулардан қағылуда дейді министр.

Жұмысшы топ Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында да болды. Айта кетейік, орталық 2011 жылы құрылған. Ал жаңа ғимарат 2016 жылдан бастап пайдаланылуда. Қазір таңда мұнда 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Тамара Қасымқызы шаһар жұртшылығын жұмыспен қамту саласына жауаптыларға жұмыссыздықты алдын алуға бағытталған шараларды әлі де ширатуды тапсырды.

Мақпал Рысбаева

Фото: Самат Мырзалиев