Оңтүстікте тамыз конференциясы өтті

Енді облыстағы үздік мұғалімдердің дерекқоры жасалынып, жас ұстаздарға әр округте қызметтік пәтер беру қолға алынбақ. Мамандық сұранысына сай грант бөлініп, Алтын белгі иегерлеріне талап қатаңдатылатын болады. Ал 1 сынып табалдырығын аттайтын балалар саны бітірушілерден 40 мыңға көп. Бұл туралы өткен жылды қорытындылап, 2017-2018 оқу жылындағы міндеттерді пысықтаған білім саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесінде айтылды.

Құдды бір оқушылар секілді біркелкі киінген облыс педагогтары белгіленген жерге дер кезінде жиналды. Көптен бері көріспеген қызметкерлер жөн сұрасып, өзара білім беру саласындағы мәселелерді талқылауды бастап та кеткен.

Тамыз кеңесі әдеттегідей есеп беруден басталды. Енді ғана тағайындалған облыстық білім басқармасының жаңа басшысы Исатай Өмірзақұлы биыл 1 сынып табалдырығын 73 мың 691 бала аттайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жыл басынан бері жаңа 8 білім ошағы пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы да 14 мектеп есігін айқара ашатын болады. Барлығы 1036 оқу ұясы облыс бойынша 640 мың оқушыны қамтуға дайын.

Исатай Сағындықов, ОҚО білім басқармасының басшысы: «Демографиялық өсімге сай мектеп оқушыларының саны жыл сайын өсіп ккеледі. Мектеп оқушыларының орны тапшылығы жыл сайын артуда. Атап айтсақ, 2017 жылы 11 сыныпты 33 мыңға жуық адам бітірсе, биыл 1 сыныпқа 73 мыңнан астам бала келеді деп күтудеміз. Яғни 40 мың оқушыға айырмашылығы бар. Осы мәселені шешу үшін алдағы 4 жылда облыста жаңа 200 мектеп салу қажеттігі туындады. Оның 73-і республикалық бюджеттен салу үшін дайындық жұмысы жүруде.»

Оқушы санының жыл санап көбеюіне байланысты оларды оқулықпен қамту мәселесі де өзекті бола түсуде. Тиісінше, облыс бойынша биыл оқулықтарға бөлінген қаржы да қомақты — 4,5 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд теңгеге артық. Алайда кемшін түскен тұстар да айтылмай қалмады кеңесте. Мысалы, облыс әкімі білім деңгейінің бірден-бір көрсеткіші — Алтын белгі иегерлерінің тиісті балды жинай алмай қалуын қатты сынға алды.

Биыл сондай-ақ ұстаздарға артылған жүк ауыр. Өйткені алдағы уақытта үздік тәжірибелі мұғалімдерден құралған мобильдік топ құрылып, ауылды жерлерде шеберлік сабақтар жүргізетін болады. Педагогтарды да ашық әрі әділ жұмысқа қабылдау үшін электронды түрде жүмыс істеу қолға алынбақ. Облыста 70 мыңға жуық білім қызметкерлері еңбек етсе, олардың әуелетін көтеруге де ерекше ден қойылмақ. Жас мамандарға әр округте қызметтік пәтер салу қолға алынады.

Ал көпті толғандырған жаңа оқу жылының жаңалығы неде деген сауалға Астанадан келген білім және ғылым министрлігінің өкілі Майра Мелдебекованың өзі жауап берді. Айтуынша, биыл білім жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болмайды. Тек биылдан бастап сабақты ағылшын тілінде өтетін мұғалімдердің жалақысы көбейеді.

Майра Мелдебекова, білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры: «Биыл Сағадиев мырза ешқандай жаңалық болмайды деді. Тек осы бағытта жалғастыру. Яғни сапамен жұмыс істеу болады.»

Қордаланған мәселелерді талқылап, оны шешу жолдары қарастырылатын ашық диалог алаңында білім беру ісінің үздіктері де марапатталды. Үш бірдей мұғалімге пәтер кілті табысталса, тағы бірнеше маман министрлік пен облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгі тағылды.

Қазіргі таңда білімді әрі тәрбиелі шәкірт тәрбиелеу — заман талабы. Саннан сапаға көшетін уақыт. Ал білім алу, оны пайдаға асыру уақыт күттірмейтін мәселе. Сондықтан жаңа оқу жылын жаңа деммен, ерекше леппен бастағалы отырған педагогтарға артылар міндет жеңіл емес.

Махаббат Әбдешова