Оңтүстіктің үш мұғаліміне пәтер кілті табысталды

Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбымен облыстық педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, ең алдымен облыстағы аудан, қалалардағы мектептердің жыл бойғы атқарған жұмыстары мен жетістіктері паш етілген интерактивті тақталы көрмені тамашалады.

Саладағы мәселелер жан-жақты талқыланатын жыл сайынғы дәстүрлі шараға білім және ғылым министрлігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, жалпы білім саласына қатысты құрылымдардың жетекшілері сынды 800-ден астам адам қатысты.

Кеңесте ең алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов білім саласындағы жетістіктер мен алда атқарылатын жұмыстар жайын баяндады.

Атап айтқанда биыл білім саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 257,6 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 19 млрд теңгеге артып отыр. Мұнан бөлек биыл 31,2 млрд теңгеге 79 білім нысаны салынып жатса, соның ішінде 29 білім нысаны жыл соңына аяқталып, пайдалануға беріледі.

2016 жылы апатты және үш ауысымды 43 мектеп болған еді. Ал биыл 20 мектеп пайдалануға тапсырылады, қалған 23 мектептің құрылысын 2018-2019 жылдары аяқтау жоспарлануда. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары өткен оқу жылымен салыстырғанда 95-ке артып (жекеменшік 93 балабақша, 3 шағын орталық), балабақшаға кезекке тұрған 3-6 жасар балалар саны 43 мыңнан 28 мыңға азайды.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мектеп оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Облыс бойынша осы оқулықтарға жалпы сомасы 4,5 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд теңгеге көбейді.

Жиын барысында сөз алған облыс басшысы өңір педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтап, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған білім саласына қатысты жүктеген міндеттерге тоқталды.

— Бүгінгі тамыз кеңесі – білім беру ісіндегі жеңістеріміз бен кемшіліктерді саралайтын айшықты алаң және алдымызда тұрған міндеттерді пысықтайтын маңызды басқосу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген болатын. Сондықтан да бүгінгі сәт – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастар түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған күрделі кезең, — деді Ж.Түймебаев.

Білім беру саласындағы жетістіктерді саралап болған соң, аймақ әкімі саладағы кемшін түсіп жүрген мәселелерге де тоқталды. Сапалы білім беру жайттары мен суицид, сыбайлас жемқорлық саласындағы өзекті мәселелерді шешудің бірқатар жолдарын нұсқаған Жансейіт Қансейітұлы аталған проблемаларды шешуде өңір тұрғындарының да белсенді болуы қажеттігін жеткізді.

Оңтүстіктің үш мұғаліміне пәтер кілті табысталды

Тамыз конференциясында білім саласында талай жылдардан бері үлгілі қызмет етіп келе жатқан өңірдегі үш ұстазға пәтер кілті табысталды. Олар — Шымкент қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Дүйсебековаға, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Жанат Мұсаеваға және Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Венера Батырқұлова.

Оңтүстіктің үш мұғаліміне пәтер кілті табысталды

Жиында сонымен қатар 5 падагог облыс әкімінің грамотасына ие болса, 8 ұстаз облыс басшысының алғыс хатын алды. Білім және ғылым министрлігінің наградалары аясында 5 мұғалім Ы.Алтынсарин төсбелгісін, 5 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, 4 сала қызметкерлі құрмет грамотасын және 4 мұғалім алғыс хат алды.

Оңтүстіктің үш мұғаліміне пәтер кілті табысталды

Айта кету керек, өңірде қазіргі таңда 69 мыңнан аса мұғалім білім береді. 2017-2018 жаңа оқу жылына 640 мыңға жуық оқушы келеді, яғни өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға (2016 ж — 611 318) өседі деген сөз. Оның ішінде 1 сыныпқа баратын 73 691 бала бар. Жалпы өңір бойынша 1036 мектеп болса,с оның ішінде жетеуі — жеке меншік.

Оңтүстіктің үш мұғаліміне пәтер кілті табысталды

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев