Самал автовокзалында жаңа күту залы ашылуда

501
Самал автовокзалында жаңа күту залы ашылуда

Оңтүстіктің жолаушыларына жағдай жасалады! Шымкенттегі халықаралық, қала және ауданаралық бағыттарда қызмет көрсететін Самал автовокзалында жақында замануи талаптарға сай тағы бір күту залы пайдалануға берілмек. Мұнда Оңтүстік өңірінде қатынайтын қоғамдық көліктерге билеттер де сатылатын болады. Жолаушылар осында тынығып жолға аттанады.

Самал автовокзалының басшылығы жаңа күту залындағы жұмыс барысымен танысуда. Ғимарат енді бір жетіде пайдалануға берілмек. Әзірге мұнда жарықтандыру, ғимаратты инженерлік жүйелермен қамту жұмыстары жүргізілуде.

Облыс төңірегіндегі қала, аудандарға қатынайтын бағыттарға арнайы күту залы ашылып жатқанынан жолаушылар хабардар. Олар қызмет көрсету аясының кеңігеніне ризашылықтарын білдіреді.

Автовокзал басшылығы жолаушылардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында көліктерге техникалық тексеру жүргізіп, жүргізушілерді медициналық тексерістен өткізеді. Бағытқа шыққан көліктердің жылдамдығы ЖПС бағдарлаушы құрылғысымен бақыланады. Соңғы 4 жылда 30 автобус, ал биыл 10 газель сатып алынып, көлік базасы да жаңалануда.

Айта кететін жайт, жаңарту бағдарламасына сәйкес автовокзал аумағы тегістеледі. Және бағыттар бойынша қатынайтын көліктерге арнайы алаңдар жасалмақ.