Қаратау ауданындағы 8 елдімекенің тұрғындары «Эко транс строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметінен бас тартты. Бұл компания осы алаптан қатты тұрмыстық қалдық шығарумен айналысып келген еді. Бұл компанияның қызметінен бас тарту жайында осы елдімекен ақсақалдары мен ауыл билері біріккен жиында шешілді. Себебі коммуналды қызмет көрсететін мекеме өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған дейді тұрғындар.
Қайтпас шағынауданының көшелерінде қатты тұрмыстық қалдықтардың қордаланып қалғанына бір айдан асқан. Келісім-шарт бойынша «Эко транс строй» мекемесінің көліктері аптасына бір рет тұтынушылардын шыққан қоқыстарды тазартуы тиіс. Өкінішке орай, бұл міндет түрлі сылтаулармен орындалмай келеді.
Мұндай жағдай тек қайтпастық жерлестеріміздің мәселесі емес екені кейін белгілі болды. Қаратау аудандық әкімдік мамандарының айтуынша, Тассай, Таскен, Достық, Мәртөбе, Бозарық және Тұран тұрғын алаптарындағы жағдай да тап осындай. Осы елдімекендерге қызмет көрсететін «Эко транс строй» ЖШС басшыларының айтар желеулері де жоқ емес. Айтуларынша қалдық тиелген көліктерін қоқыс полигонына кіргізбейді дейді. Бірақ ол уәждері расталмады.
Міне, тап осындай келеңсіздіктердің орын алуына байланысты 8 бірдей елдімекеннің ауыл билері ақылдасып, аталмыш компанияның қызметінін бас тартуға келісіп отыр.
Енді 43 мыңға тарта тұтынушы осы аудандағы қатты тұрмыстық қалдық шағарумен айналысатын компаниялардың ішінен өздеріне тиімдісімен келісім-шарт жасайтын болады. Қаланың осы аумағында осындай қызметпен айналысатын 7 компания бар.
Нұрлан Күдерұлы