«Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» концерті өтті

712
"Шарықтасын Шәмшінің асыл әні" концерті өтті

Шымкентте «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты мерекелік концерт өтті. Ол Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның маусымның ашылуына арналған. Кеште Оңтүстіктің мақтаныштары, қазақ эстрадасының жұдыздары және филармония әншілері өнер көрсетті.

Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясында қазақ вальсінің падишахының 87 жылдығына арналған «Шарықтасын Шәмшінің әні» атты ән кеші өтті. Сондай-ақ бұл кеште Шәмші өмірі және еңбек еткені жылдары жайлы естеліктер айтылды.

Майра Әбдітөреқызы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның қоюшы режиссері: «Жыл сайын дәстүрлі түрде Ш.Қалдаяқовтың туған күніне орай кезекті маусымды ашамыз. Маусымның ашылуы болғандықтан қонақ ретінде шақырып, бүгінгі концертті толық өткізіп жатырмыз.»

Мерекелік концертте Қазақстанның мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов, «Отырардағы той» әнін хитке айналдырған Хадиша Шалабаева, «Сыған серенадасын» тебіренте шырқайтын Хадиша Сейітова, Бейбарыс Серікбаев сынды қазақ эстрадасының өкілдері ұлы сазгердің сырға толы әндерін тамылжыта шырқады.

Өнер иелерінің қойылымдарын тамашалауға жиналған халықтың қарасы көп болды. Тіпті, Шәмшінің туған жерін көру, әнін тыңдау үшін арнайы Ақтөбе қаласынан қонақтар келген.

"Шарықтасын Шәмшінің асыл әні" концерті өтті

Құдайберген Кедейқұлов, Ақтөбелік қонақ: «Біз өте қуаныштымыз. Бүгінгі концерт тамаша өтіп жатыр. Әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз. Қазақстандықтар қай уақытты жүрсе де Шәмшінің әндерін ұмытпайды. Сыйлайды, құрметтейді.»

Сазгердің әр туындысы 70-80 жылдары сәнге айналып, талай жүректі тербегені рас. Содан бері де халық аузынан түскен емес. Қырық жылдан астам уақыт ішінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Кеңестік жылдарда қазақ ұлттық музыка өнерінің ән жанрына жаңа леп алып келді. Композитор елге, жерге, Отанға, ата-анаға деген махаббатын әсем әуенмен жеткізе білді. Соның дәлелі ретінде Қазақстанның қазіргі әнұраны «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» әндері жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленгені қашан.

Әсем Жайлаухан