Филармония жаңа маусымын Шәмшінің шығармашылығымен бастады

789

«Шарықтасын Шәмшінің асыл әні». Әйгілі композитор Ш.Қалдаяқов атындағы филормония ұжымы осындай тақырыпта жаңа маусымының шымылдығын түрді. Тұщымды кеш сазгердің сырға толы шығармашалығына арналды.

Ақмарал Биназарова – Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі. Мәдениет ошағында 5 жылдан бері қызмет етіп келеді. Мұнысымен өзі марқаяды, мәртебе санайды. Жаңа маусымның ашылу салтанатында да алғашқылардың бірі болып сахнадан көрінді. Кеште өнер иесіне сезімнің қылын шерткен шығарма – «Ақмаңдайлым» әнін орындау бұйырыпты.

Ақмарал Биназарова
Ақмарал Биназарова

Ақмарал Биназарова, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі: «Сахнада үлкен қобалжуды сезіндім. Себебі өзге емес, Шәмшінің әнін шырқадым. Жұртшылықтың құрмет-қошеметіне қарап, тыңдарманның жүрегіне жеткізе орындадым деген ойдамын. Ал композитордың еңбектері қасиетті, қазақтың жүрегінде мәңгі жасайды».

Өнер ұжымы жаңа маусымға аз дайындалған жоқ. Айтуларынша, әйгілі сазгердің шығармасын көптің жүрегіне жеткізе орындау үшін ерекше, жаңа бағдарлама әзірлеу керек болған. Ал осы «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» кешінің сценариі мен бағдарламасын Қазақстанның мәдениет қайраткері Гүлбала Әбуова жазып шығыпты.

Гүлбала Әбуова, ҚР мәдениет қайраткері: «Бұл концерттің ерекшеленетін тұсы – Шәмшінің әндерін әр түрлі ұлттық аспаптардың, оркестрдің сүйемелдеуімен ұсынуымызда. Оның ішінде сыбызғы, флита, қобыз, қылқобыз, шаңқобыз, саксофон, баян бар. Сазгердің әндерін түрлі аспаптармен әсемдеп, жаңғыртып, заманауи үлгіде қайта тыңдарманға жолдап жатырмыз.»


Арыстың жағасында талай ғашықты қиялмен табыстырып, көптің арманына қанат бітірген композитордың шығармалары оның құрметіне ашылған филаормония сахнасында осылай шарықтады. Айта кетейік, бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда 217 адам қызмет етеді, оның 182-сін шығармашылық ұжым құрайды.