Шымкентте Монтессори әдісі бойынша халықаралық конференциясы өтті

518
Шымкентте Монтессори әдісі бойынша халықаралық конференциясы өтті

Қазіргі таңда елімізде тілінде мүкісі бар бүлдіршіндер саны күн санап артуда. Балалар арасындағы бұл мәселені шешуде бірнеше елде Монтессори әдісі қолданылып келеді. Шымкенттегі сондай мектепке дейінгі тәрбие орталықтарының бірі — «Бала би» бақшасында Монтессори халықаралық конференциясы өтті. Аталмыш іс-шараға тек еліміздің ғана емес, көрші Ресейден тәрбиешілер қатысып, тәжірибе алмасты.

Халықаралық ІІ конференцияның қонақтары үшін Монтессори әдісінде қолданылатын жабдықтар шығаратын фабрика арнайы көрме ұйымдастырды. Бүгінде Монтессори бағдарламасын қолданатын балабақшалар керекті жабдықтармен толық қамтылған. Айта кетейік, шаһарымызда бұл әдіс тек «Бала би» балабақшасында кеңінен қолданылады.

Людмила Новикова, директор: «2014 жылы біз Монтессори педагогтар қауымдастығын аштық. Ең басты себептің бірі — Монтессори әдісі бойынша оқытатын орталықтар мен балабақшаларды біріктіру болды. Педагогтарды жинап, жыл сайын тәжірибе алмасу басты мақсатымызға айналды.»

Монтесорри әдісіне арналған халықаралық конференцияға ата-аналар, психологтар және баланың тәрбиесіне алаңдайтын жандар жиналды. Арнайы іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен тәрбиешілер келген. Оған қоса, Ресей, Украина және Грузиядан қонақтар келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Монтессори әдісінің қыр-сырына қаныққан мамандар әдіс баланың танымын жоғарлатуға, таланты мен қабілеттілігін арттыруға көмегі зор екенін айтуда.

Елено Тимошенко: «Монтессори әдісінің қолданылып келе жатқанына бүгінде 100 жыл толып отыр. Аталмыш әдіс әлемдегі барлық елдерде қолданысқа енгізілген. Бұл әдіс балаларды өзінше шешім қабылдауға және қабілеттілігін арттыруға өз көмегін тигізеді.»

Шымкентте Монтессори әдісі бойынша халықаралық конференциясы өтті

«Бала би» балабақшасында балаларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге үйретеді. Мамандардың айтуынша бұл әдістің тиімді тұстары көп. Монтессори әдісінің тілінде мүкісі бар бүлдіршіндерге де берері мол. Бұдан бөлек ерекше балаларды арнайы музыкалық бағдарламалар арқылы жетілдіру қолға алынып отыр.

Татьяна Ермолина: «Бұл — дәстүрлі музыка емес, бұл жерде балалар өздерінің шығармашылық идеяларын дамытады. Менің бұл әдісті Мәскеуде қолданып келе жатқаныма 18 жыл болды. Сөйлей алмайтын, не тіл мүкісі бар балдарды оқытуда бұл әдістің көмегі зор.»

Енді 30 тамыз күні «Бала-би» балабақшасында Татьяна Ермолинаның семинары өтеді. Ресейлік қонақтар қазақстандық мамандарға Монтессори әдісінің ерекше қолданылу әдісін үйретпек.

Әсел Жайлаухан