Шымкенттегі «Қазыбек» әмбебап базары қала сыртына көшіріледі

444
Шымкенттегі «Қазыбек» әмбебап базары қала сыртына көшіріледі

Шымкент қаласындағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендердің құрылысын қолға алуымыз керек. Осыған сәйкес қаланың бас жоспары бойынша ірі базарлардың бәрі қала сыртында орналасатын болады. Қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап шыққан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев осылай деді.

Өңір басшысы күтпеген жерден Рысқұлов пен Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан «Қазыбек» әмбебап базарына аялдады. Базар маңындағы құжынаған халық пен ешқандай санитарлық талаптарға жауап бермейтін жүйесіз сауда реттерін көрген әкім базар жыл соңына дейін қала сыртына көшірілетінін айтты.

Шымкенттегі «Қазыбек» әмбебап базары қала сыртына көшіріледі

Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес Шымкентті ірі мегаполиске айналдыру бойынша жаңа жобалардың қолға алынып жатқанына тоқталды. Аталған базарды қала сыртына көшіруді жыл соңына дейін шешуді қала басшылығына тапсырды.

— Қазіргі талаптарға сәйкес бұл базар қала сыртына көшірілетін болады. Сондықтан мұндағы сауда жасап жатқан кәсіпкерлер түсіністікпен қарап, бізге қолдау білдіруі қажет. Саудагерлер далада қалмайды. Бәріне заң талаптарына сай, заманауи үлгіде салынып жатқан Бозарық шағынауданындағы сауда орталығынан орын берілетін болады. Сондықтан аталған базарды жыл соңына дейін жауып, көшіруді тапсырамын, — деді Жансейіт Түймебаев.

Шымкенттегі «Қазыбек» әмбебап базары қала сыртына көшіріледі

Облыс әкімінің бұл талабына сондағы сатушылар де қолдау білдіріп, көшуге байланысты ескерту шараларының дер кезінде жүріп жатқанын жеткізді.

— Жергілікті билік қойып отырған талаптар өте орынды. Мынадай базарда қыстың суығы мен жаздағы аптап ыстықта тұрып сауда жасау айтарлықтай қиындықтар тудырады. Сондықтан біз көшуге әзірміз. Тек жаңа базардан орын берсеңіздер болғаны, — деді бір топ сатушы.

Шымкенттегі «Қазыбек» әмбебап базары қала сыртына көшіріледі

«Қазыбек» әмбебап базарында жеміс-жидек, көкөніс пен күнделікті тұтынуға арналған және құрылысқа қажетті тауарлар саудаланады. Сауда орталығының жалпы аумағы 20 595 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 10 719 шаршы метрі сауда алаңына жатады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев