Шымкенттегі медициналық-психологиялық оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Орталық Қазақстанның бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында ашылып отыр. Мұндағы басты мақсат — отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жанжалға тосқауыл қою.
20 орынға шақталған бұл орталықта шаңырағында жанжал шығарып, отбасы мүшелеріне жұдырық ала жүгіретіндерге психологиялық көмек көрсетіледі. Ашылғанына небәрі 2-3 күн болса да қазір мұндағы мамандардың көмегіне бірнеше азамат жүгінген. Арасында балаларын ұрған аналар да, анасын сабаған ұлдар да бар. Жарына қол көтерген азаматтар да осында.
Мамандар отбасындағы жанжалға жәбірленушілер ғана емес, осындай жағдайдың орын алуына себепкер болған екінші тарап та кінәлі дейді. Сол себепті де психологтар орталыққа отбасымен келіп, жан-жақты кеңес алған дұрыс дейді.
Айта кетейік,Шымкентте бұл орталықтан бөлек осы бағытта жұмыс істейтін тағы да 2 мекеме бар. Бірін отбасындағы зорлық-зомбылықтан шаршап, барар жері қалмағандар паналаса, екіншісінде әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Онда келеңсіз оқиғалардың не себепті орын алатыны зерттеліп-зерделеніп, алдын алу шаралары ұйымдастырылады.
Айжан Ермекқызы