Темірлан тасжолындағы қайнаған құрылыс

360
Темірлан тасжолындағы қайнаған құрылыс

Шымкенттің негізгі көшелеріндегі жолдардың жаңаланып жатқанына тұрғындар қарсы емес. Дегенмен, Темірлан тасжолы мен Тәуке хан даңғылы неліктен жиі жөнделеді дейді олар. Тұрғындар бұған қоса Жаңа шаһар шағынауданындағы жаяу жүргіншілерге арналған өткелдің құрылысы созылып кеткеніне наразы. Осы тұста жергілікті билік қайда қарап отыр деп ашынады жерлестеріміз.

Темірлан тасжолында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бас мердігер «Береке А Корпорациясы» серіктестігі Мангелдин мен Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықтағы жолдың асфальтының беткі қабатын сырып, жаңаламақ. Бұдан бөлек жолдың жиегіндегі ирригациялық жүйелер алмастырылуда. Тозығы жеткен лотоктардың орнына жергілікті өндірушілер әзірлеген бетон лотоктар қойылады.

Темірлан тасжолындағы қайнаған құрылыс

Виктор Ли, мердігер компанияның өкілі: «Лотоктарды қоюға орын дайындаудамыз. Барлық жұмыстар жобалық-сметалық құжатқа сәйкес жүргізілуде. Күрделіліктер сол — жол бойындағы ирригациялық жүйелердің орны бір жерде болса, енді бір жерде мүлдем жоқ. Алайда бұл қиындықтарға қарамастан құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде.»

Ал Жаңа шаһар шағынауданы аумағынан өтетін жаяу жүргіншілер жолының құрылысы тоқтап тұр. 215 млн теңгеден астам қаржыға бағаланған нысанның бітер түрі жоқ. Мердігер «Қазнұр Констракшн» компаниясы нысанды пайдалануға 1 желтоқсанға дейін аяқтауы тиіс болатын. Құрылыстың басында болған облыс әкімі нысанды тездетіп бітіруге тапсырма берді. Тұрғындар билікке үміт артып отыр.

Нысанның жобалық-сметалық құжатына тапсырыс берген Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан таяуда құрылыс барысына өзгерістер енгізілген болатын. Бастапқыда 215 млн теңгеге бағаланған жаяу жүргіншілер өтпе жолына тағы да бюджеттен қаржы бөлінетін түрі бар.