Адырбеков көшесіндегі құрылыс жұмыстары биыл аяқталады

41

Шымкент қаласындағы негізгі көше жолдары кезең-кезеңімен жаңалануда. Жібек жолы мен Н. Төреқұлов көшесінің қиылысынан бастап Жандосов көшесіне дейінгі аралықтағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Күрделі құрылыс барысында газ құбырлары, электр бағаналары жаңаланып, жол едәуір кеңейеді.

Жалпы 3,74 шақырымды құрайтын Адырбеков көшесінің Жібек жолы мен Мәншүк Мәметова көшелеріндегі бөлігінде құрылыстың келесі кезеңі наурыздың 10-да бастауын алған. Көшенің осы бөлігінде өтетін жылу жүйелері алдын ала жаңаланды. Қазіргі таңда ескірген газ құбырларын алмастыру жұмыстары жүргізілуде. Жобалық- сметалық құжатқа сәйкес электр бағаналары да жаңаланбақ. Жолдың ені 15 метрге дейін кеңейтіледі.
Сәдуақас Исмаилов, «Базис-К» ЖШС-нің учаске бастығы: «Жолды  кеңейту салдарынан кейбір  үйлердің қоршауы  кедергі жасауда, үйлер қызыл сызыққа шығып кеткен. Бұл күрделіктер  ЖТ және АЖ  басқармасы  тарапынан тез шешілуде.  Қызыл сызыққа өтіп салынған үйлерді  мемлекет  меншігіне алу  бойынша жұмыстар жүргізілуде».

Мердігер «Базис -К» серіктестігі ұзындығы 700 метр жол бөлігін мамыр айында бітірсе, қалған Мәншүк Мәметова мен Жандосов көшелерінің аралығын жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлауда. Құрылыс барысында туындаған мәселелер тапсырыс беруші- қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан шешілуде.

«Құрылыс барысында кәсіпкерлер мен ұйымдарға тұрғындарға ыңғайлы болсын деп барлық жолдарды реттеп беріп жатырмыз түсіністік танытады деген сенімдеміз көше жолдары түзу, тезірек бітіруге тырысамыз»,-  дейді «Базис-К» ЖШС-нің учаске бастығы
Сәдуақас Исмаилов.

Жалпы Адырбеков көшесіндегі жолдың күрделі құрылысына 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Биыл екі кезең бойынша 2,9 шақырымды қамтитын құрылыс жұмыстары ЖСҚ сәйкес жүргізілуде. Тиісінше қаржы да кестеге сәйкес игерілуде,- дейді мердігер.