Жаңа үйлердегі түйткілді мәселе

340
Жаңа үйлердегі түйткілді мәселе

Мемлекеттік бағдарлама арқылы пайдалануға берілген көпқабатты үйлерден түйткіл шықты. Арнамызға шағым айта келген Нұрсәт шағынауданындағы №19 және 20-шы үйдің тұрғындары баспананың кілті тапсырылғанына жарты жылдан асса да әлі күнге не лифт жұмыс істемейді, не газ қосылмаған деп ашынып отыр. Бұған қоса жаңа үйлердің жертөлесіне су толып, тұрғындардың зәре-құтын алуда. Жылдар бойы кезек күтіп, енді ғана пәтерлі болған халықтан бүгінде береке қашты.

Жаңа үйлердегі түйткілді мәселе

Жертөлеге жиналған мына судан шыққан қолаңса иіс қолқаны қабады. Тұрғындар қыста мұндағы көлшік көтеріліп, бірінші қабатқа жетеқабыл болды дейді. Үй басқарушысы жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет шағымдансақ та шарапаты тимей тұр деп шағынады.

Мұндағы жеделсатыдан да қайран болмай тұр. Мердігерлер лифтті орнатқанымен, қосуға асығар емес. Асықпағаны былай тұрсын, жеделсатыны орнатқан компания қаражатты алып, ұшты-күйлі жоқ болды дейді мердігерлер. Ал сапасыз жұмыстың зардабын тұрғындар тартуда.

Жаңа үйлердегі түйткілді мәселе

Жетінші қабатта тұратын Аида Әубәкірованың мұнда көшіп келгеніне жарты жылдан асып барады. Аяғы ауыр келіншек күн сайын мына баспалдақтармен бірнеше рет түсіп шығады. Жылдар бойы баспана кезегін күтіп, пәтерге әрең қол жеткізген тұрғын келгелі түйткілдерден көз аша алмай қалдық дейді.

Жас отбасыларына берілген көпқабатты тұрғын үйлерге көгілдір газ да қосылмаған. Ыстық су да жоқ мұнда. Ал мына балалар қоқысқа жақын жерде ойнап жүр. Жергілікті тұрғындар ойын алаңшасын салуда тиісті талаптардың сақталмағанын айтады. Ал бас мердігерлер жеделсатыны жарты жолда тастап кеткен компанияны сотқа береміз дейді.

Ал Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің мамандары бұл мәселелерден хабардар болып шықты. Құзырлылар тұрғындардың мазасын қашырған мәселелердің жуық арада шешілетінін айтып уәде берді.

Осылайша бір емес, бірнеше түйткілге тап болған тұрғындар олқылықтар ретке келтірілмесе, сотқа дейін арызданамыз деп бекініп отыр.

Мақпал Рысбаева